Сот төрелігі: 63 581 іс қаралды

  • 8
  • 24.06.2026, 19:43

Астана қаласындағы 8 сот жыл басынан бері 63 581 істі қарап, тиісті шешім шығарды. Олардың дені заңды тұлғалар арасындағы дау мен жұрттың сеніміне кіріп, қалтасын қаққан алаяқтар және жылдамдық асыратын көлік жүргізушілеріне қатысты материалдар. Қоғамда әділдік орнату – салада мамандары үшін басты міндет. 

Бауыржан Ахметқалиев – сот жүйесіндегі тәжірибелі азаматтардың бірі. Алғашқы еңбек жолын ішкі істер органында бастап, кейін осы салаға ауысқан. 30 жылда тергеуші де, судья да болып, қазір әкімшілік құқықбұзушылар жөніндегі сот төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Тек биылғы жартыжылдықта мұнда 21 мыңнан астам іс қаралған.

Бауыржан Ахметқалиев, қалалық Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

- Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы істерді жедел әрі сапалы қарау. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету. Сондықтан біздің жұмысымыз жоғары жауапкершілікті талап етеді. Яғни әрбір заң нормаларын терең білуді, әрбір істі жан-жақты және зерделеуді талап етеді. Сонымен қатар сот қызметінде ашықтықты, қолжетімділікті және заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді.

Бүгінгі күні Астанада 8 сот бар. Жыл басынан бері оларға барлығы 71 594 іс түссе, оның 63 581-і қаралған. Арасында ұсақ бұзақылық, көлік құралын мас күйінде басқару және қарапайым азаматтардың өз құқығын қорғауға бағытталған материалдар да бар. Ал қала бойынша бұл салада 800-ден астам адам еңбек етеді. Сот билігінің басты міндеті заң үстемдігін қамтамасыз ету болғандықтан, қызметшілердің біліктілігін арттыруға ден қойылған.

Елдос Жұмақсанов, ҚР Сот әкімшілігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы:

- Кез келген аумақтық және орталық мемлекеттік орган секілді біз судьялар мен мамандар үшін оқу ұйымдастырамыз. Жоспар құрып жылына екі мәрте жібереміз. Заңнама үнемі жаңартылып, сот тәжірибесі дамып келе жатқандықтан, үздіксіз білім алу сот жүйесі қызметкерлері үшін аса маңызды. Судьялар Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының курсына қатысып, басқа да арнайы білім беру бағдарламалары аясында біліктіліктерін арттырып отырады.

24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні. Елімізде бұл кәсіби мереке 4 жыл бұрын белгіленген.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Кальянбеков