Түркістан облысында Бұхар бұғысының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазір мүйізді жануарлар өңірдегі «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағындағы тұқымбақты және Сырдария өзені бойындағы қалың тоғайларды мекендейді.
Мамандар бұғыларды ерекше бақылауға алған. Инспекторлар қоршаудағы жануарларға күн сайын жем-шөп беріп, олардың жағдайын қадағалайды.Табиғи парк аумағында тек Бұхар бұғысы ғана емес, қырғауыл құсы да өсіріледі. Парк аумағындағы ерекше жануарлар мен құстар қалай күтіп-бапталады?
Бұхар бұғылары өсірілетін тұқымбақ - Түркістан қаласынан 30 шақырым қашықтықта «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында орналасқан. Жер көлемі - 22 гектар. Биіктігі -3 метрлік темір тормен қоршалған. Мұнда бұғышыларға қызметтік үй салынған. Аға бұғышы Пётр Вачеров 6 жылдан бері отбасымен бірге осында тұрады. Таңғы 8-ден бастап жануарлардың жем-шөбін беру соның мойнында.
Пётр Вачеров, аға бұғышы:
-Қызылша, картоп, қырыққабат оның бәрі 500 гр есептеп беріледі. 12 келі шөп, 3-4 келі жем бір басқа. Бізде қоршаудың ішінде 41 бас, төлден төртеу. Соған қарап, таразымен өлшеп береміз. Бізге үйренген, бөтен адам болса қашады. Әсіресе әйелім үшінші бұғышы болып істейді, ол айқайласа бәрі шығады.
Бұхар бұғыларын сақтау және көбейтуге арналған тұқымбақ 1999 жылы Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен құрылған. Мамандар алғашында мұнда Шымкенттен 8 бас Бұхар бұғысы әкелінгенін айтады. Содан бергі ширек ғасырда қызыл кітапқа енген жануарлардың саны 40 есеге дейін өсіп, көпшілігі еркіндікке жіберілген. Жалпы Бұхар бұғылары өткен ғасырдың орта тұсына дейін Сырдың бойын мекендеп, кейін жойылып кеткен.
Әйгерім Тәжиева, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бөлім меңгерушісі:
-Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы жүргізіліп, осы өңірлік табиғи парк құрылғанан кейін мамандардың қарқынды жұмысының арқасында Бұхар бұғысы көбейіп, 319 басқа жетті. Жалпы еркіндікке жіберілген бұғылар тек паркте емес, Сырдария өзенің бойымен көршілес жатқан Қызылорда облысына дейін кете береді.
Сондай-ақ парк аумағында қырғауыл да өсіріледі. 8 жыл бұрын қырғауыл басын көбейту мақсатында арнайы тұқымбақ құрылған.
Мұрат Қошқарбаев, қырғауыл өсіруші:
-Әр қырғауылға өзінің тамағын есептеп береміз. Балапандарына қазір үш мезгіл беріп жатырмыз. Үлкендері сырттан табиғаттан шөп, шегіртке жеп, қоректенеді. Оларға жаздың күні бір мезгіл береміз. Дәрі-дәрмек, дәрмендерін қосып береміз.
Қазір аумағы 2 гектар болатын қырғауыл тұқымбағында 2 мыңнан аса құс күтіп-бапталуда. Мамандар алдағы 3 жылда олардың санын 5 мыңға жеткізуді көздеп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш