Шығыс Қазақстандағы бірқатар туристік аумақта интернет жоқ. Тұмса табиғат мекеніне саяхаттап келушілер саны жыл санап артуда. Шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары. Алайда облыстағы танымал тоғыз туристік аймақта ұялы байланыс пен интернет жоқ. Олардың қатарында Риддердегі тау шаңғысы курорттары, Марқакөл, Сібе көлдері және Қиын-Керіш шатқалы бар. «Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр», - дейді мамандар.
Мысалы, жақында Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында интернет іске қосылды. Бұған дейін демалушылар жақындарымен хабарласа алмай қиналатын. Қазір бұл аумаққа антенна-діңгек құрылғы мен Starlink терминалдары орнатылып, тұрақты байланыс пайда болды.
Ирина Смит, ШҚО Туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Егер адам көп баратын туристік орындар туралы айтатын болсақ, басым бөлігінде интернет бар. Сібе көлдеріндегі мәселе де шешімін тауып жатыр. Әрине, келушілер саны аз орындар да бар. Ондай жерлерге арнайы Starlink орнату әзір қарастырылмайды. Өйткені біз үшін ең алдымен туристер көп баратын орындарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету маңызды.