Алматы әуежайы халықаралық Jet A-1 авиаотынын қолдана бастады

  • 9
  • 25.06.2026, 19:58

Алматы әуежайы JET A-1 халықаралық авиациялық отынын қолдана бастады. Бүгін халықаралық стандартқа сай авиакеросин алғашқы ұшақтың біріне құйылды. Бұған дейін ТС-1 және РТ сияқты әуе жанармай түрлері қолданылған. Жоба Мемлекет басшысының транзиттік әлеуетті нығайту және отандық авиация саласын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асты. Jet A-1 отынына көшу Қазақстанның әуе отыны нарығын әртараптандырудағы маңызды қадам. Бұл жоба Алматы халықаралық әуежайы, PetroChina компаниясы және қазақстандық логистикалық серіктестің тиімді ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты.

«ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы алғашқы жанармайды Uzbekistan Airways  әуе компаниясының рейсіне құйып, қызмет көрсетті. Ол үшін «ҚазМұнайГаз-Аэро» серіктестермен бірлесіп, Jet A-1 отынын Қытайдағы мұнай өңдеу зауытынан халықаралық логистикалық бағыттар бойынша жеткізуді ұйымдастырды.

Филипп Лабори, Алматы халықаралық әуежайының аға вице-президенті:                                                                                                                           

- Біз үшін әуе компанияларының қазіргі қажеттіліктерін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар одан әрі даму үшін қолайлы жағдай жасау да маңызды. Алматының өңірдегі сұранысқа ие авиациялық торапқа айналып келе жатқанын білеміз, сондықтан әуежайды дамытып, оған инвестиция құюды жалғастырамыз.

Жеткізу көздерін әртараптандыру авиациялық отынмен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, жеткізу тізбектерінің икемділігін қамтамасыз етуге және халықаралық әуе тасымалдаушылары үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға көмектеседі.  

Әйгерім Қаршал, «Қазмұнайгаз-АЭРО» ЖШС маркетинг қызметінің басшысы:

-Бүгін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы- «ҚазМұнайГаз-Аэро» Алматы халықаралық әуежайында Jet A-1 маркалы авиаотынмен әуе кемесіне алғаш рет жанармай құю жұмыстары жүзеге асырылды. Аталған жоба халықаралық әуе тасымалдаушылары үшін қосымша мүмкіндіктер енгізіп, Қазақстанның авиациялық инфрақұрылымының бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Жобаны «ҚазМұнайГаз» компаниясы Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асыруда. Бұл елдің транзиттік әлеуетін дамыту бойынша Президент тапсырмасының бірі.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев