Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев кәсіби мереке қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтап, «Парасат» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Палата спикері бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудағы және елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың мәні мен мазмұнын халыққа түсіндірудегі айрықша рөліне тоқталды.
Биыл «Парасат» байқауына қатысу үшін 150-ден астам өтінім түскен. Жеңімпаздар қатарында «Хабар» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Ердәулет Байдуллаев бар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде аса маңызды тарихи сәтті бастан өткеріп жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдумда жаңа Конституциямыз қабылданды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдары айрықша рөл атқарғанын атап өткен жөн. Ашық пікірталастар, сараптамалар және телерадио эфирлері арқылы заңнамадағы әрбір норма тыңғылықты талқыланып, азаматтардың қолдауына ие болды. Сондай-ақ Конституциялық комиссия құрамында жұмыс істеген БАҚ өкілдері де бар. Мемлекет басшысы атап өткендей, олар Ата Заңның тең авторларының біріне айналды.