Шымкентте 4 сауықтыру лагері талапқа сай әзірленбеген

  • 6
  • 29.06.2026, 19:51

Шымкенттегі жекеменшік лагерлер балаларды қабылдауға дайын болмай шықты. Прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік конкурс уақытылы өткізілмеген. Демалыс орындарын анықтау ісі де созбалаңға салынған. Салдарынан қала сыртындағы 4 сауықтыру лагерінің материалдық-техникалық базасы мен санитарлық жағдайы талапқа сай әзірленбеген. Қазір жауаптыларға олқылықтарды жою туралы нұсқау берілді. Тиісті рұқсат құжаттары дайын болмайынша, балаларға жолдама берілмейді.

Қазір білім басқармасының қарауындағы «Ақсу» лагерінде ғана оқушыларды қабылдау жүріп жатыр. Ал қалған 250 мың баланың бос уақытын тиімді өткізу үшін «Кітап Camp» және «Profi Style» бағдарламалары іске қосылды. Сондай-ақ экскурсиялар мен кәсіптік бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр.

Гүлнәр Дәрібаева, қалалық білім басқармасы басшысының м.а:  

- Қазіргі таңда сол мониторингтік топтың ұсынған, көрсетілген кемшіліктерді жою туралы біз өз тарапымыздан енгізгенбіз. Сол кемшіліктерді жойған жағдайда тағы да бір рет мониторинг жүргізіледі. Қазіргі таңда қала сыртындағы лагерге балаларымызды жіберіп жатқан жоқпыз. Тек қана Білім басқармасына қарасты «Ақсу» лагері жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір ол жерде екінші сезон жүріп жатыр. 400 баланы қамтып қойдық.