Михаил Ломтадзе әрбір қазақстандыққа арналған жеке AI көмекшіні таныстырды. Kaspi.kz-тің жаңа Kasper қызметі сізге тауарды таңдап береді. Күрделі сипаттамаларды қарапайым тілмен түсіндіреді және ең жақсы нұсқаны ұсынуға көмектеседі. Бұл технология толығымен Қазақстанда жасалған. Тұсаукесер Алматыда «Қалыптан шығу уақыты келді!» деген ұранмен өтті. Kasper-ден тағы не күтеміз?
Ұйымдастырушылар таныстырылымға дейін жаңа қызмет түрін құпия ұстады. Тек виртуалды көмекшінің бейнесіндегі декорациялар кештің тақырыбын меңзеп тұрғандай болды. Кеш қонақтары болжам жасаумен ғана шектелді. Оның нақты жауабын Kaspi.kz-тің басшысы әрі негізін қалаушысының бірі Михаил Ломтадзенің өзі айтты.
Михаил Ломтадзенің айтуынша, қазір тауарды табу қиын мәселе емес. Қайта миллиондаған ұсыныстың ішінен дұрысын таңдау өзекті болып тұр. Жаңа жасанды интеллект көмекшісі пайдаланушыларға сипаттаманы салыстыруға, пікірлерді оқып, тез шешім қабылдауы үшін көмектесуі керек.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі:
- Kaspi дүкенді іске қосқандағы мақсатымыз өте қарапайым болды. Әрбір қазақстандық барлығын бір жерден сатып алсын дедік. Бүгінде Kaspi дүкенде 106 мың сатушы, 20 миллион тауар, бағалар, пікірлер, рейтингтер, толық сипаттамалар мен тауарлар туралы ақпарат барлығы топтастырылған. Ең бастысы, күрделі терминдерді қарапайым сөзбен түсіндіріп, бағаларды, әртүрлі модельді салыстырып, сенімді таңдау жасауға көмектесетін сервис жасаймыз деп шештік.
Kaspi Магазинның жаңа көмекшісі Kasper деп аталады. Сіз онымен дауыстық немесе мәтіндік хабарлама арқылы қазақ және орыс тілдерінде байланыса аласыз.
- Біз жеке көмекші тек басшыларда немесе бір шектеулі топтаболғанын қаламадық. Қайта Kaspi қосымшасы арқылы әрбір қазақстандық күнделікті қажетті затын әлдеқайда оңай тауып алып, мәселесін жылдам шешетін жағдай жасауды ойластырдық. Бұл өте жақсы бастама деп ойлаймын.
Таныстырылым кезінде-ақ қосымшада жеке көмекшінің пайда болғаны қонақтарды таңғалдырды. Олар бірден алғашқылардың қатарында Kasper арқылы сауда жасады.
Айбар Олжай, қаржы сарапшысы:
- Kasper-ге сенім артып, Kaspi арқылы алатын адамдар өте көп болады деп ойлаймын. Негізі бұл экономикалық флагман. Ылғи заман талабынан қалмай, жаңа сервистер енгізіп тұрғаны жақсы. Kaspi-дің кез келген жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Өйткені біздің әлемге көрсететін дүниеміз – Kaspi .
Самал Ибраева, медиаменеджер:
- Бүкілін Kaspi-ден алып жүрмін. Бірақ бәрін алмас бұрын сен зерттейсің. Бағасы қалай? Сапасы қалай? Сол тұрғыдан жан-жақтан ЖИ қолданып жатырмыз ғой. Осы тұрғыдан Kaspi-дің ұсынып жатқан Kasper ұсынысы өте тиімді.
Әнел Әлиасқар, блогер:
- Қазіргі өміріміз AI-мен өтіп жатыр ғой. ЖИ-пен. Сондықтан Kaspi көшбасшы әлемдегі көшбасшы деп айтуға болады. Үлкен команданың арқасында бүкіл әлем сондай нәрсені біліп отыр. Ең көшбасшы идеялар Kaspi-ден шығып жатыр.
Kasper осы ай көлемінде алдымен Алматы қаласының тұрғындарына қолжетімді болады. Кейін бұл қызмет түрі бүкіл ел аумағында іске қосылады. Kaspi.kz тауар таңдауға көмектесу тек бірінші кезең екенін атап көрсетті. Болашақта жеке жасанды интеллект көмекшісі қазақстандықтарға күнделікті басқа да міндеттерді орындауға жәрдем береді.
Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев