Қыстың соңғы айында сынақтан өткізілген жоғары технологиялы кешен өңірдегі энергия тапшылығын жоюға қауқарлы екенін көрсетті. «Ендігі міндет – өндірілген жылуды тұрғындарға шығынсыз жеткізу керек», - дейді мамандар. Сондықтан қаладағы жылу желілері де жаңғыртылып жатыр.
Өңірдегі ең ірі энергетикалық нысан үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ол толық қуатына жеткенде орталық 240 МВт электр энергиясын және сағатына 277 Гкал жылу өндіреді. Мамандардың айтуынша, бұл көлем облыс орталығының қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірді электр энергиясын тұтынушыдан өндіруші аймаққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Тахир Нәдірбек, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл жерде бізде 2 газотурбиналық қондырғы 176 МВт және 95 МВт бу турбинасы жұмыс жасауда. Облыстың электр энергиясын тұтыну көресеткіші 200-220 МВт-ты құрайды. Яғни біздің станциямыз қазіргі таңда 240 МВт-ты желіге беріп отыр. Бұл өңірімізді толығымен өзіміз электр энергиясымен қамтамасыз етудеміз.
Ендігі міндет – өндірілген жылуды тұрғындарға шығынсыз жеткізу. Сондықтан қалада тозу деңгейі 40 пайызға жеткен жылу желілері жаңартылып жатыр. Магистральды жылу құбырларын қайта жаңғыртуға бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қысқа дайындық барысында бұрынғы жылу электр орталығы да жөндеуден өтеді. Жалпы Қызылорда жылу электр орталығы мекемесінің теңгерімінде 2 жылу орталығы және 20 дербес шағын қазандық бар.
Бақытжан Молдиманов, «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры:
- Атап айтсақ, оның ішінде автономды шағын қазандықтар: 6 қазандық күрделі жөндеуден өтуде және 200 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 6 шақырымы биыл күрделі жөндеуге жоспарланып отыр. Ағымдағы жылу беру маусымында жаңа станция негізгі жылумен қамтамасыз ету жұмысын атқарады және ескі станция да толық жылу беру маусымына дайындалып, бірге жұмыс жасауға қамтамасыз етіліп тұр.
Жаңа жылу электр орталығының толық іске қосылуы мен тозған жылу желілерінің жөнделуі – облыс орталығының коммуналдық жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам. «Энергетиктер облысы алдағы жылыту маусымына 100 пайыз дайын болады», - деп сендірді.
Арыстанбек Кенже Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин