СҚО-да мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 31 жоба іске асады

  • 49
  • 06.07.2026, 20:04

Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында 31 жоба іске асырылады. Оған 55 миллиард теңге инвестиция тартылады. Бұл елді мекендерде жыл бойы тұрақты жұмыс орындарын ашып, нарықты ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Солтүстік Қазақстан облысында 118 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Шамамен жартысы цифрландырылған. Жергілікті шаруалар алыс-жақын шетелдерден өнімділігі жоғары 9 мың бас асылтұқымды мал алып, ата кәсіпті одан әрі дамытуға ниетті. 

Юрий Красноголовый, серіктестік директоры:

- Тағы 1300-1400 бас ірі қара малын сатып алуды көздейміз. Етті бағытты дамыту үшін бордақылау алаңдары салынады. Жем азық цехын аштық. Польшадан арнайы жабдықтар келеді. 

Былтыр өңірде 383 мың тонна сүт өндірілді. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға жол ашады. Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында тағы 31 жоба іске қосылады.

Талғат Наурызбаев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 25-ші жылы 8 сүт-тауар фермасы іске қосылды. Оның қуаттылығы 33 мың 600 тонна сүт өндіреді. Биыл міне, 26-шы жылға біз «Тиражированию опыт СКО» бойынша 7 жобаны іске асырып жатырмыз. Соның ішінде бізде 5 ірі сүт өндіретін ферманы салып жатырмыз.

Биыл Президент тапсырмасы бойынша мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Соған сәйкес, «Игілік», «Береке», «Жайлау» бағдарламалары әзірленіп, Үкіметтен 220 млрд теңге бөлінді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында 14 мың ірі қара және 17 мың ұсақ мүйізді мал сатып алу көзделіп отыр. Оның әлеуметтік маңызы да өте зор. Өйткені бұл ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков