Биыл Ақмола облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасымен 29 өрт сөндіру бекіті ашылады. Бұған дейін ондаған ауылда жасақ құрылып, арнайы бекет пайдалануға берілді. Жалпы жыл басынан бері ауыл құтқарушылары 63 өртті өз күшімен сөндірген. Ерікті өрт сөндіру құрылымдарының басым бөлігі шалғай елді мекендерде орналасқан.
Бурабай ауданына қарасты Веденовка ауылындағы өрт сөндіру бекеті бір ай бұрын ашылды. Мұндағы өртсөндірушілер көршілес бес ауылдың халқына қызмет көрсетеді. Бекет арнайы техника және қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген.
Қайырбек Шаяхметов, Веденовка ауылының тұрғыны:
- Біздің елді мекен аудан орталығынан 60–70 шақырым шалғайда орналасқан. Сондықтан төтенше жағдай болған кезде өз күшімізбен өртті сөндіруге мүмкіндік болғанының маңызы зор. Ауыл тұрғындары бұған өте қуанышты.
Өрт сөндіру бекеті ауылдағы шаруа қожалығының базасында құрылды. Басты ерекшелігі – мамандар ауылдағы өрт қауіпсіздігін арнайы камералармен бақылайды. Қазір елді мекенде 52 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Самат Бәпішов, Бурабай аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
- Мына бөлме диспечердің бөлмесі деп аталады. Осы жерден диспечер күні-түні қарап отырады. Ауылды, қандай бір ғимараттар бар соны қарап отырады. Егер бір жерде түтін шығып жатса, осы жерден сигнал беріледі.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Ауыл құтқарушылары алдымен арнайы оқудан өтеді. Яғни оларға өрт сөндіру тәсілдері іс жүзінде көрсетіліп, егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Содан кейін ғана мамандар алған білімдерін осылай практикалық тұрғыда шыңдайды.
Бурабай ауданында осындай 3 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар. Алдағы уақытта Қызылағаш, Қатаркөл және Успеноюрьевка ауылдарында ашылады. Өрт сөндіру бекеттері жергілікті бюджет есебінен салынып жатыр.
Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Бір ерекшелігі, бұрын ерікті өрт сөндіру құрылымдары тек ауылдағы шаруа қожалықтарының базасында құрылса, қазір жергілікті әкімдіктер белсенді атсалысып жатыр. Яғни нысанның құрылысына қаржы бөліп, мамандардың жалақысын төлейді. Бұл да өз кезегінде бізге үлкен көмек деп айтар едім.
Жалпы өңірде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 41 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл тек қауіпсіздікті күшейтіп қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Арнайы оқудан өткен азаматтар өртсөндіруші болып жұмыс істей алады.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный