Бұл туралы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсенбай Жұмабеков мәлімдеді. Айтуынша, елордамызда 520 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның 82-і ел аумағынан тыс ҚР елшіліктері ғимараттарында жұмыс істесе, 28-і тергеу абақтысы, 3-еуі әскери бөлім мен 1-еуі қарттар үйі қабырғасында ұйымдастырылады.
Байқаушыларға келсек, бүгінге дейін 34 қоғамдық ұйымның өтініші қабылданған. Сондай-ақ саяси партиялардың әрқайсысы 3 сенімді өкілін сайлау учаскелеріне бақылаушы ретінде жібере алады. Тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс бере алмайтындарға да жағдай жасалып жатыр.
Бейсенбай Жұмабеков, Астана қаласы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Егер 23 тамыз күні кейбір азаматтар Астана қаласында болмаймыз, дауыс бере алмаймыз деген жағдайда болса, өздеріңізге белгілі, сайлауға 15–20 күн қалғанда біз оларға тізімнен шығару куәлігін береміз. Өйткені олар сол болатын жерінде осы куәлікпен барып, дауыс беруіне мүмкіндік алады. Біз 7 тамыздан бастап учаскелерімізде азаматтарымызды, азаматшаларымызды күтеміз. Сол жерге келіп, тізімде бар ма, жоқ па – соның бәрін тексеріп, көре алады.