Қонаевта «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Қауіпсіз жағалау» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Қапшағай су қоймасында биылғы шомылу маусымы басталғалы 5 адам суға кетіп, жүзден астам заңбұзушілық тіркелген. «Спирттік ішімдік ішіп суға түсу және белгіленбеген орындарда шомылу дерегі жиі қайтаналады», - дейді мамандар. Түнгі уақытта суға түсетіндер де аз емес.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қонаев қаласындағы жағажайларда жасанды интеллект арқылы басқарылатын 20-дан астам бейнекамера орнатылған. Шомылушылар тарапынан қандай да бір заңбұзушылық туындай қалса, бұл бейнеқұрылғылар өңірлік ішкі істер департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің арнайы орталығына хабарлама жолдайды. Ол өз кезегінде құтқарушылардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Қапшағай су қоймасының жағасында 6 коммуналдық, 140 жеке демалыс орны бар. Кешкі сағат 20:00-ден кейін суға шомылуға тыйым салынған. Тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігі үнемі ескертіліп отырады.
Дінмұхаммед Жүнісов, Қонаев қалалық ТЖБ Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері:
- Қазіргі таңда Қапшағай су қоймасында 11 мобильді бекет қойылған құтқару бекеттері. Қазіргі таңда бізде 1шілдеден бастап шағын көлемді су көліктерін бақылау жұмыстары бізге берілген болатын. Сол бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 100-ден аса айыппұл салынып, 2 су көлігі айыптұраққа қойылды.
Қонаев қаласындағы жағажайларда қазір жүзден астам қоғамдық құтқарушы жұмыс істеп жатыр. №5 жағажайға 12 құтқару мұнарасы орнатылып, 26 құтқарушы қойылған. Санитарлық тазалыққа ұдайы көңіл бөлінеді.
Дархан Батырша, Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- 13 адам, 5 техника күнделікті осы жағажайдың тазалғымен айналысады. Демалыс күндері бұл жерден 100 куб мусор шығады, жұмыс күндері 50 кубқа жуық қоқыс шығарылады.
Қонаев қаласындағы №5 жағажайға 25 контейнер мен 100 шақты қоқыс жәшігі орнатылған. Мұнда автокөліктер ақылы, ал жаяу жүргіншілер тегін кіреді.