Жалақысы жоғары, бірақ күні бүгін аталған салада 700 қызметкердің орны бос тұр. Сарапшылардың айтуынша, жастар бұл қызметке келгенімен, тұрақтамайды. «Осылайша жасыл желегі көп өлкеде оны қорғайтын орманшы табу қиынға соғып барады», - дейді мамандар. Аймақта бұл мәселе қалай шешіліп жатыр? Кадр даярлау ісі қаншалықты жолға қойылған?
Қазақстандағы қылқанжапырақты орманның 49 проценті ел шығысында өседі. Бірақ табиғаттың осынау иен байлығын сақтап, қорғау оңай болмай тұр. Өйткені орман шаруашылығында кадр тапшы. Қазір осы салада 700 бос жұмыс орны тіркелген. Жастардың келуінен кетуі тез. Мәди Құмарханов Риддердегі орманшылықта екі жылдан бері еңбек етіп жүр. Енді бірнеше күнен соң басқа салаға ауыспақ. Себеп сан алуан.
Мәди Құмарханов, орман шебері:
- Риддер қаласында орман шаруашылығында жұмыс істеудің басты қиыншылықтарының бірі – үкімет тарапынан қызметтік пәтер берілмейді. Ал жалдамалы пәтердің бағасы қымбат. Сол себепті өз үйім болғандықтан, Өскеменде тұруға кетіп бара жатырмын.
Ардагер орманшылардың айтуынша, Абай облысындағы алапат өрттен соң еңбеккерлердің жағдайын жасау бойынша біраз жұмыс істеліпті. Аз мөлшерде болса да жалақы көтерілген. Бұрын 85 мың теңге алып келген қызметкерлердің еңбекақысы 260 мың теңгеге жеткен. «Алайда айлығымыз шайлығымызға жетпейтіні рас», - дейді орманшылар.
Динара Сейтәшімова, «Риддер орман шаруашылығы» КММ кадр бөлімінің инспекторы:
- Қызметкерлерді баспана мәселесі қатты алаңдатады. Олардың ішіндегі жоғары біліммен келгендерінің өзі бар болғаны 300 мың теңге алады. 180 мың теңгеге пәтер жалдайды. Осыдан ақ күнкөрістің қаншалықты қиын екені байқалады.
Орман өрті кезінде қызметкерлер апталап далада жатады. Іссапар ақысы мардымсыз, кадр даярлау жағы да күрделі. Өңірде орманшылар дайындайтын жалғыз колледж бар. Риддер қаласындағы ол мекемені жылына 120 студент бітіреді. Бірақ солардың дені салада қалмайды.
Сұңғат Асқаров, Риддер аграрлық-техникалық колледжнің директоры:
- Басқа мамандықтармен салыстырған кезде кәсіпорындар студенттерге жұмыс практикасы кезінде белгілі бір жалақы төленеді. Ал бұл салада бұндай жалақы қарастырылмаған.Бұл сонда студенттердің бұл мамандыққа деген қызығушылықтң азаюына әкеліп соғады деп айтуға болады.
Қиындыққа төзіп, қызметте қаламыз дегендер тағы бір кедергіге тап болды. Екі жыл бұрын біліктілік талаптары өзгерді. Салдарынан колледж түлектері енді орман шебері емес, тек орманшы болып қана жұмысқа орналаса алады. Бұл жалақының төмендеуіне әкеп соғады. «Сондықтан орманшылар, осы талап қайта қаралса», - дейді. Әзірге оларға шекаралық аудандарды дамыту бағдарламасынан ғана көмек бар.
Мұрат Құсайынов, ШҚО Табиғи ресурстар басқармасының басшысы:
- Сол шекаралық аумақта орналасқан орман шаруашылықтарын кадрлармен толықтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Соңғы жылдары «Зайсан» орман шаруашылығындағы кадр мәселесі толық шешілді, сондай-ақ Большенарым орман шаруашылығы да қажетті мамандармен қамтылды. Қазіргі таңда кезекте Марқакөл, Верх-Уба және Күршім орман шаруашылықтарын кадрлармен толықтыру жұмыстары тұр.
«Дегенмен әзірге жүйедегі кадр тапшылығын толық шешу мүмкін болмай тұр. Сондықтан ең алдымен жалақыны көтеріп, баспанамен қамту мәселесін жолға қою керек», - дейді сарапшылар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов