Биыл елдегі 142 ауыл ауызсумен қамтылады

  • 11
  • 08.07.2026, 19:33

Биыл 1 мың шақырымдай арнаны пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 200 мың гектарға жуық суармалы жерді тіршілік нәрімен қамтиды. Сондай-ақ сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта қалпына келтіру бойынша 12 жоба іске қосылады. Нәтижесінде жарты миллионнан аса халқы бар 142 елді мекен сапалы ауызсумен қамтылады.

Премьер-министр су кеңесін өткізіп, өңір әкімдеріне гидронысандарды жаңғыртуды тапсырды. Сала мамандарын даярлайтын оқу орындарына грант санын арттыру көзделген. 3 жылда 1 мың 700-ге жуық грант бөлінсе, алдағы оқу жылына тағы 1 мың грант қарастырылған. Ал 2,5 жылда «Қазсушар» мекемесі қызметкерлерінің орташа жалақысы екі еседен аса өскен.

Жалпы су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және су саласын көтерудің кешенді жоспары аясында 3,2 трлн теңге болатын 160 іс-шара жүзеге асырылып жатыр.