Global Passport Index 2026 рейтингінде Қазақстан паспорты Орталық Азиядағы ең «мықты» төлқұжат деп танылды. Жалпы тізімде біздің ел 109-орынға жайғасып, өңірдегі барлық көрші мемлекетті басып озды. Атап айтқанда, Өзбекстан 123-орында болса, Қырғызстан – 127-ші, Тәжікстан – 140, ал Түрікменстан 144-ші орында тұр. Қазақстан паспорттың «мықтылығын» айқындайтын көрсеткіштердің жиынтығы бойынша Орталық Азиядағы ең бәсекеге қабілетті мемлекет мәртебесін сақтап қалды.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстан азаматтары 48 мемлекетке визасыз бара алады. Сонымен қатар бірқатар бағыт бойынша елге жеңілдетілген тәртіппен кіру мүмкіндігіне ие. Жалпы алғанда Global Passport Index әлемнің 197 елінің паспортын бағалайды. Көшбасында Еуропа мемлекеттері тұр. Рейтинг халықаралық мобильділік, инвестициялық тартымдылық және өмір сапасы сияқты 14 көрсеткіш негізінде жасалған.