Қарағанды облысында биыл 6 айда мас күйінде көлік басқарған 600 жүргізуші ұсталды. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мұндай құқықбұзушылықтардың саны азайғанымен, мәселе әлі де өзекті. Полиция қызметкерлері күн сайын дерлік мас жүргізушілерді анықтап, әкімшілік жазаға тартады. Мәселен, мереке күндері ғана Балқашта алкогольдік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген төрт адам қолға түсті.
Балқашта полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Оған басты себеп – демалыс маусымына байланысты туристер ағыны артып, мас күйінде көлік жүргізетіндер көбейген. Мысалы, 7 шілде күні таңғы сағат 6 шамасында қала сыртындағы демалыс орындары маңында техникалық талаптарға сай келмейтін Toyota автокөлігі тоқтатылған. Көлікті тізгіндеген 19 жастағы азаматтың жүргізуші куәлігі болмаған. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.
Медет Нұрмұханов, ПД Патрульдік полиция батальонының командирі:
- Өткен демалыс күндері Балқаш қаласының демалыс орындарында алкогольдік ішімдік ішкен 4 жүргізуші ұсталды. Олардың бірінің көлік жүргізу құқығы болмаған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай профилактикалық жұмыстар, бақылау іс-шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында мас күйінде көлік басқарған 600 жүргізуші ұсталды. Солардың бірі Алексей. Ол камераға жүзін көрсетуден бас тартты. Заң алдындағы жауапкершілкті аттап рөлге отырғаны үшін жас жігіт 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Алексей, қала тұрғыны:
- Әрине, өкінемін. Сол кезде өзіме ғана емес, айналамдағы адамдарға да зиян келтіруім мүмкін еді. Сол үшін жазаландым, абыройыма да нұқсан келді. Енді барлық достарыма мас күйде көлікке отырмауды үнемі айтып жүремін.
Мас жүргізушілер мәселесі Қарағанды облысында ғана емес, еліміз бойынша өзекті болып қала беруде. Биылғы жылдың бес айында ішімдікке сылқия тойып көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен 144 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы 212 адам жарақат алды.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит