Алма импортына тыйым салынады

  • 8
  • 08.07.2026, 19:59

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылдың 1 тамызынан 31 желтоқсанға дейін алма импортына тыйым салуды жоспарлап отыр. Үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен де жеткізушілер үшін импорт тоқтатылады. Шектеу алманың транзиттік тасымалына қолданылмайды. Бұл жағдай отандық бағбандарға қалай әсер етеді? Сырттан тасымалданатын алманың азаюынан баға шарықтап кетпей ме?

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Еңбекшіқазақ ауданындағы бұл шаруашылық өз жұмысын осыдан он жыл бұрын жүз гектар жерге алма көшеттерін егуден бастаған. Қазір содан жыл сайын 4 мың тоннадай өнім алады. Алынған өнімнің 90 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, қалған 10 пайызы экспортқа шығарылады.

Шаруашылық жергілікті 20 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыды. Ал маусымдық жұмыстарға 50 шақты адам тартылады. Қазір мұнда алманы сирету жұмыстары жүріп жатыр. Өсіп шыққан өнімнің артығын қолмен жұлып тастамаса, ағаш күш ала алмайды. Келесі жылы мүлде өнім  бермеуі де мүмкін.

Нұрлан Рақымбай, шаруашылықтың коммерциялық директоры:

- Бізде жылдық егін жинау шамамен 3,5 - 4 мың тоннадай шығады. 4200 тоннаға арналған сақтайтын қоймамыз бар. Ол РГС-пен сақталады. РГС негізі орысша айтқанда, «регулируемая газовая среда», - дейді. Бізде 7 сорт алмамыз бар.

Алма – облыстың брендіне баланған өнім. Өңірде жалпы аумағы 8 мың гектардан астам алма бағы болса, 4279 гектары осы Еңбекшіқазақ ауданында. Соның тең жартысы – интенсивті бақ. Аудан шаруалары былтыр 60 мың тонна алма жинаған. «Алма импортына тыйым салынса, біз үшін өте қолайлы болмақ», - дейді жергілікті бағбандар.

Нұрлан Рақымбай, шаруашылықтың коммерциялық директоры:

- Импортқа тыйым салынуы бізге үлкен қолдау болады. Біріншіден, сауда сөрелерінде тек Алматының, жалпы Қазақстанның өнімі, соның ішінде отандық алма сатылады. Екіншіден, бұл бағаға да әсер етеді. Бізде бәсекелестік импорттық алмамен емес, отандық өнімнің өзіндік құны мен тасымалдау шығындары негізінде қалыптасады. Жалпы алғанда, импорттық алманың бағасы жоғарырақ болады. Ал жергілікті өндірістің өнімі тұтынушы үшін қолжетімдірек.

Бұл пікірді отандық сарапшылар да қуаттап отыр. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, енгізілетін тыйым отандық өндірушілерді қолдауға және өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.

Саят Қамзин, ҚР АШМ департаментінің Сыртқы сауда басқармасының басшысы:

- Былтыр елімізде 215 мың тонна отандық алма өндірілді. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті көлем. Сондықтан осы шара отандық өнімді халыққа қолайлы әрі әділ бағамен ұсыну мақсатында қабылданып отыр. Біріншіден, бұл – отандық өнім болғандықтан, қолайлы бағамен сатылады. Оның бағасы импорттық өнімнен жоғары болады деп айтуға келмейді.

Еліміз бойынша жалпы сыйымдылығы 175 мың тонна алма сақтауға арналған 72 қойма бар. Биыл тағы екеуі іске қосылды. Кәсіпкерлердің заманға сай қойма салуға кеткен шығынының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Тыңайтқыш пен тұқым алуға және қарқынды алма бақтарын көбейту бойынша да субсидиялар қарастырылған.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев