Ақмола облысында жол бойындағы сервис сапасы жақсарды

  • 8
  • 09.07.2026, 19:42

Ақмола облысында жол бойындағы сервис сапасы жақсарды. Қызмет көрсететін нысан да көбейді. Жанармай құю бекеті мен дәмханалар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Дегенмен жаз маусымында демалушылар көбейіп, кей жерлерде кезек те болады. Сондықтан тасжолдың бойында бизнес ашамын дегендерге қолдау бар,- дейді жауапты мамандар. Қазір 2 нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Өңірде демалыс маусымының қызған шағы. Әсіресе, Зеренді мен көрікті Бурабайды көргісі келетіндер көп. Демалуға келетін туристер «Көкшетау-Астана» бағытындағы жолмен қатынайды. Соңғы жылдары осы жолдың бойындағы сервис сапасы жақсара бастады. Қызмет көрсететін ондаған нысан ашылды.

Арыстан Нұрдыхан, турист:

- Астана қаласынан келе жатырмыз. Жол бойы таза. Намазханасы бар. Асханасын да дәмді тамақтары бар. Көңіліміз толық. Бәрі орында.

Жол бойында 13 сервистік нысан бар. Бірақ жаз мезгілінде бұл жеткіліксіз –дейді жолаушылар. Себебі бір мезетте жүздеген адам тоқтап, тамақтанып, тынығуы мүмкін.

Қажымұрат Төлеубай, турист:

- Халықтар көп тоқтайды осы жерге. Бұдан енді әрі қарай Бұландыдан Астанаға қарай жол жүрген кезде осындай нысандар өте жиілеп, кездесуі төмендей береді. Сондықтан болашақта Астана бағытына қарай шыққанда нысандар саны көбірек қосса деген ойдамыз.

Жалпы, облыс жолдарында 200-ге тарта қызмет көрсету нысаны бар. Барлығы дерлік ұлттық стандартқа сәйкестендірілген,-дейді жауаптылар. Жаз мезгілінде сервистік нысандарды күтіп ұстау да маңызды. 

Дәулет Кереев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ филиалы бөлім басшысының м.а.:

-  Жол пайдалану бөлімдері үздіксіз қызмет атқарады. Яғни осы нысандарға олар толықтай қоқыстан тазартуды, сумен қамтамасыз етуді және лас суларды уақытында шығаруды тәулік бойы жұмыс істейді. Бізде енді әр нысанда өзінің жауапты кезекшілері кемінде екі адам тәулік бойы қызмет атқарады.

Биыл өңірде тағы  екі қызмет көрсету нысаны салынып жатыр. Оның екеуі де Көкшетау-Астана бағытындағы тасжолдың бойында.  Жалпы, сервистік нысан ашам дегендерге мемлекет тарапынан қолдау бар.  

Андрей Подгурский, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Біз жол бойында нысан ашам деген кәсіп иелерін қолдауға дайынбызз. 2022 жылдан бастап арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Осы уақытқа дейін біз шамамен 50 млн.теңге көлемінде 3 кәсіпкерге қолдау көрсеттік.

Жауаптылардың айтуынша, жол бойында бизнес ашу үшін, жер телімі  жеткілікті. Басты талап – нысанды күтіп ұстау, және  айналасын тазалап,  қоршаған ортаны қорғау. Себебі көрікті өлкені тамашалауға жылына миллиондаған турист келеді.

Авторлар: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный.