Алатау қаласында ірі жобаларды іске асыру жеделдетіледі. Бұл мәселе Премьер-иинистр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен қала кеңесінің отырысында талқыланды. Жиында 1 шілдеден бастап әрекет ете бастаған арнайы құқықтық режимді жүзеге асыру мәселесі ортаға салынды.
Үкімет басшысының айтуынша, Alatau city жобасы елдің экономикалық өсу нүктесіне айналуы тиіс. Қазір қалада нормативтік база қалыптастырылуда. Сондай-ақ шаһардың даму стратегиясы әзірленіп, инженерлік және көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Портфельде жалпы құны екі триллион теңгеге жуық 53 инвестициялық жоба бар. Отырыс соңында Alatau City Authority ережесі бекітілді. Сондай-ақ жаңа басқару органдарын құру туралы шешім қабылданды. Олар жедел шешім қабылдауға, нормативтік актілерді әзірлеуге және инвестициялық жобаларды қолдауға жауапты болады. Премьер-министр мемлекеттік органдарға барлық міндеттердің орындалуын жеделдетуді тапсырды.
Әлішер Әбдіқадыров, Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры:
- Жыл соңына дейін Алатау қаласының нормативтік-құқықтық актілерінің негізгі бөлігі қабылданады. Ол Алатау қаласының дербес экожүйесінің негізін құруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпкерлік, құрылыс, заңды тұлғаларды лицензиялау, салық-кеден режимі мәселелеріне қатысты болады. Осы актілердің барлығы инвесторлар мен бизнес үшін ашық орта қалыптастырады.