Қазақстандықтардың 63 пайыздан астамы өз өміріне толық риза.
Бұл туралы DATAmetrics компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесінде белгілі болыпты. Халықтың көңіл күйін сипаттайтын әлеуметтік сауалнама 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген. Оны өткізуге Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты тапсырыс беріпті.
Бетпе-бет сұхбат әдісімен жүргізілген сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 8000 тұрғын қатысқан. Респонденттердің 63,3% өз өміріне толық риза екенін айтса, 31,9% қанағат білдіріпті. Ал 3,4% өз өміріне аса риза еместігін 1,1% мүлде риза еместігін жеткізген. Зерттеуге қатысушылардың 67 пайызы соңғы жылда материалдық жағдайы жақсарғанын айтса, 25 пайыздан астамыда өзгермегенін, 6,6% материалдық жағдайы нашарлай түсті деп санайды. Азаматтардың 78,6% өз отбасының келешегіне сеніммен қарайтынын мәлімдеген.