Ақтөбе облысының Байғанин ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Өткен түні қатты дауыл тұрып, үш адам зардап шекті. Қарауылкелді ауылында бірнеше ғимарат қирады. Қазір арнайы комиссия табиғи апаттың салдарынан болған шығын көлемін есептеп жатыр.
Облыс аумағында ауа райы жайсыз болатынын синоптиктер бірнеше күн бұрын ескерткен еді. Бірақ дәл мұндай алапат дауыл тұрып, баспаналарды жайпап тастарын тұрғындар күтпеген. Байғанин ауданынының орталығы Қарауылкелді ауылының халқы кешелі бері табиғи апаттан ес жия алмай отыр.
Дәметкен Әуешова, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
- Төбе тасыр-тұсыр ете қалды. Содан тек бір бұрышқа тығылып, Аллаға сыйындым. Соның арасында жаңбыр жауып, үйдің барлығы опан-топан болды. Бүкіл тұрмыстық техника тасырлап, жанды жанғандары. Төбелерім құлады. Не істерімді білмей, осындай жағдайда тұрмын.
Жойқын дауыл байланыс мұнарасын да құлатты. Жарты ғасыр бұрын орнатылған 47 метрлік темір бағана жанындағы дүкеннің үстіне түскен.
Қайрат Аманшин, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының м.а:
- Ақтөбе облысының ТЖД күштері мен құралдары, жедел құтқару жасағының құтқарушылары және кинологиялық тобы дереу жетті. Авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу барысында алты адам, оның ішінде үш бала құтқарылып, қауіпсіз жерге шығарылып, медициналық көмек көрсету бригадаларына тапсырылды.
Табиғи апаттан зардап шеккен 35 жастағы жүкті келіншек санитарлық авиация көмегімен Ақтөбеге жеткізді. Қазір ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер: «Жағдайы тұрақты», - дейді.
Айбек Көпенов, Байғанин ауданының әкімі:
- Аудан көлемінде бірқатар ғимараттар зардап шекті. Оның ішінде әкімшілік ғимараттар, бизнес субъектілері және де жеке тұрғын үйлер бар. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар жедел штабы құрылып, жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі кезде арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен үйлер мен кәсіпкерлердің шығынын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қатты дауыл мен нөсер салдарынан электр және байланыс желілері үзілген еді. Қазір табиғи апат болған аумақта жарық пен ұялы байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов