Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері ұялы байланыс операторларына 30 миллион теңге айыппұл салынды. Кемшіліктер өңіраралық байланыс инспекциясының жоспардан тыс жүргізген тексерісі кезінде анықталды.
Былтыр жыл бойы тұрғындардың арызы негізінде 21 байланыс компаниясына 38 миллион теңге айыппұл салынса, биыл тек жарты жылда бұл көрсеткіш 30 миллионға жеткен. «Бұл өңірдегі байланыс сапасының нашарлағанын емес, ұялы қызмет сапасына тұтынушылардың талабы күшейгенін аңғартады», - дейді мамандар.
Ерғали Ержанов, цифрлық технология басқармасының бөлім басшысы:
- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 630-бабының 14 және 15-тармақтарына сәйкес, байланыс сапасының техникалық сипаттамаларына қатысты талаптар қарастырылған. Бұл жерде сөз байланыс қызметінің техникалық параметрлері туралы болып отыр. Яғни, біз айтатын дауыстық байланыс немесе мобильді интернеттің 4G стандартының техникалық сипаттамалары белгіленген нормативтерге сәйкес келмесе, соған байланысты айыппұл салынады.