Алматы облысында 376 шақырым жол жөндеуден өтеді

  • 6
  • 10.07.2026, 19:57

Биыл Алматы облысында республикалық маңызы бар жолдардың 376 шақырымы жөндеуден өтеді. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Жобаларды іске асыруға ел қазынасынан 22 миллиард теңге бөлінген. Жұмыс республикалық маңызы бар 8 бағытта жүргізілуде.

Ернұр Рысбай, тілші:

- Бұл Алматы мен Астананы жалғап жатқан республикалық маңызы бар тасжол. Мұнда күнделікті 7 мыңнан аса көлік қатынайды. Бұл жолдың 27 мен 115-ші шақырымына жөндеу жұмыстары мамыр айының ортасында басталған. Қазір жоспарланған 80 шақырымның 60 шақырымына жөндеу жұмыстары аяқталды. Мамандар жол сапасын арттыру үшін жаңа технологияларды пайдаланып жатыр. 

Екі мегаполистің ортасында ары-бері ағылатын көлік көп. Алайда маңызды тасжолдың Алматы облысына жататын бөлігінің тозығы жеткен. Соңғы күрделі жөндеу 25 жыл бұрын жасалған. Жолдың жағдайын зерттеген мамандар заманауи «Мультиплекс» жабдығын қолдануды жөн көріпті. Бұл жабдық асфальтты біркелкі әрі сапалы төсеуге мүмкіндік береді.

Жанат Өтепбергенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Аталған учаскеде заманауи технологияларды кеңінен қолданып жатырмыз. Ол жаңағы Sitting System, автоматтандырылған жүйелерді қолданып отырмыз. Ол жолдың тегістігін және асфальтбетон жабынының қалыңдығын жобаға сай деңгейде ұстап отырады.

Ескірген жолдың қиындығы жүргізушілер мен жолаушыларға аян. Тасжолдың жағдайына ауыр жүк көліктерінің салмағы әсер етеді. Мердігер компания бұл мәселенің шешімін тауыпты. Жол жабынына ірілеу қиыршық тасы бар арнайы асфальт төселуде. Ол автомагистральдың ойылып кетуіне жол бермейді.

Дәурен Тантақов, асфальт-бетон зауытының зертхана басшысы:

- Бірінші кезекте асфальт қоспасының құрамын дайындаймыз. Ол үшін әртүрлі карьерлерден материалдар алып, зерттейміз. Сол арқылы сапалы асфальт құрамы анықталады. Кейіннен бұл ақпаратты зауытқа береміз. Қазір сол қоспалардан өндірілген асфальттың нәтижесін көріп тұрмыз.

Алматы - Астана жолының Алматы облысына қарасты бөлігін жөндеуге ел қазынасынан 6,1 млрд теңге бөлініпті. Қазір мұнда күнделікті 70 адам мен ондаған техника жұмыс істейді. Алматы облысына жататын тасжолдың бұл бөлігі осы жылдың соңында қолданысқа берілмек.

Ернұр Рысбай, Эдуард Кон