Петропавлда жылыту маусымына ₸70 млрд бөлінді

  • 7
  • 10.07.2026, 20:00

Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымына 70 миллиард теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Биыл Петропавлда жылу электр орталығының қазандықтары жөнделіп, қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы аясында 19 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған.

Петропавлдағы №2 жылу электр орталығының негізгі қондырғыларын жөндеуге және қайта жаңғыртуға 21,3 млрд теңге бөлінді. «Бұл жылыту маусымында нысанның іркіліксіз жұмыс істеп, техникалық ақауларды азайтуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Биыл Петропавлдағы жылу электр орталығында 5 бірдей қазандық күрделі жөндеуден өтеді. Тағы біреуі қайта жаңғыртылады. Әрқайсысына шамамен 2 млрд теңге жұмсалады. Осының барлығы станцияның қауіптілігі жағынан «сары аймаққа» өтуіне мүмкіндік берді.

Өткен жылыту маусымында станцияда ірі ақаулар тіркелген жоқ. Жылу электр орталығында 12 қазандық жұмыс істейді. Биыл олар жөнделіп, қайта жаңғыртудан өтеді. Энергетиктер 2030 жылға дейін негізгі қондырғылардың тозу деңгейін 43 пайызға дейін төмендетуді мақсат етеді.   

Дмитрий Захаров, жылу электр орталығының директоры:

- Биыл орталықтың қазандық агрегаттары мен №4 турбоагрегатқа күрделі жөндеу жасалады. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама бойынша №2 қазандық агрегаты мен үшінші түтін мұржасы қайта жаңғыртылады. Бұл сағатына 240 тонна бу өндіруге мүмкіндік береді.

Былтырға қарағанда, биыл жылыту маусымына дайындық шараларын қаржыландыру көлемі 1,5 есе ұлғайып, 70 млрд теңгеге жетті. Өңірде Мемлекет басшысының энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғырту тапсырмасы бойынша ауқымды жобалалар қолға алынған.

Нұрлан Кеңесов, облыс әкімінің орынбасары:

- Ұлттық энергетика және коммуналдық секторларды дамыту жобасына да тоқтала кетейін, биыл облыста жалпы құны 36,3 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалалар инженерлік желілердің тозуын жүйелі түрде азайтуға бағытталған.

Қазір әлеуметтік нысандардың жартысы жылыту маусымына толық дайын. Сонымен қатар биыл Айыртау және Ғабит Мүсірепов аудандарында орталықтандырылған жылу қазандықтары іске қосылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков