Биыл өңірде 173 мың гектарға дәнді дақыл себілген. Астық шығымы көз қуантады. Диқандар: «Гектарынан кемі 20-25 центнерден өнім аламыз», - деп отыр.
Асқар Нұрғожанов - кәнігі механизатор. Сарқан ауданындағы ірі шаруашылықта табан аудармай жұмыс істегеніне 15 жылдан асты. Сол себепті бұл аумақтың топырақ құрамын, ауа райы ерекшелігін, егіншіліктің қыр-сырын жақсы біледі.
Асқар Нұрғожанов, комбайншы:
- Жаңбырлы болды. Жақсы болды. Соның арқасында егін де жақсы. Соны қазір жауын-шашын болмас үшін тезірек алып жатырмыз.
Ермек Қалиев басқаратын шаруа қожалығының егістік алқабы 2 мың гектарға жуық. Былтыр құрғақшылық салдарынан өнім түсімі мардымсыз болып еді. Ал биыл көктемгі жауын-шашынның септігі тиіп, егін бітік шықты.
Ермек Қалиев, шаруа қожалығының басшысы:
- Биыл егін жақсы шығып жатыр. Әрбір гектардан түсімі 2 тоннадан кем емес, 20 центнер гектарынан. 20-30 центнерге дейін берген полялар бар.
Ғазиз Есжанов, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары:
- Былтырғы жылмен салыстырғанда, былтыр біз өнімді 26,6-дан алсақ, биыл 30-ға жуық тосып отырмыз өнімділікті. Енді ол тоннамен шаққан кезде былтыр 137 мың тонна қамбамызға түссе, «биыл 157 мың түсе ме», - деп отырмыз.
Жетісу облысы бойынша жиын-терін жұмыстары енді басталды. Енді мақсат – мол ырысты ысырапсыз жинап алу. Осы күнге дейін өңірдегі 173 мың астық алқабының 27 мың гектары орылды. Әзірге орташа өнімділік гектарынан 18 центнер маңайында.
Мағауия Қалиев, Гульнар Жантасова, Куаныш Түргенбаев