Павлодар облысында жағажай иелері жауапкершілікке тартылды

  • 9
  • 14.07.2026, 19:34

Павлодар облысында жағажай иелері ортақ пайдаланылатын су айдындарының аумағын қоршап, демалушылардан кіру ақысын алған. Ал бұл Су кодексінің талаптарына қайшы. Тұрғындардың шағымынан кейін жүргізілген тексеру нәтижесінде жағажайларда қауіпсіздік талаптарының да өрескел бұзылғаны белгілі болды. Балалар шомылатын арнайы орын қарастырылмаған. Сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен жабдықталған алғашқы медициналық көмек көрсету бекеті болмаған. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді Шаңдақсор мен Маралды көлдеріне тұрғындар тегін кіре алады.

Алмас Әбішев, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:

- Осы іске қатысты прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Соның нәтижесінде металл қоршаулар алынып, аумаққа кіру ақысы жойылды. Ақы тек көрсетілетін қызмет үшін төленеді. Кінәлілер әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Енді тұрғындар су айдындарына еш кедергісіз бара алады.