Рахман қайнарына жаңа жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр

  • 5
  • 14.07.2026, 19:30

Шығыс Қазақстандағы Рахман қайнарына биыл күзде тақтайдай тегіс жолмен жетуге болады. Құз жартас бойына алғаш рет асфальт төселіп жатыр. Мамандардың айтуынша, тау арасында жол салу оңайға соғып жатқан жоқ. «Ауыр техникалардың әрбір қозғалысы қауіп-қатерге толы. Дегенмен жолшылар 13 шақырымды толық аяқтап, қолданысқа береміз»,- деп отыр.

Бұрын Рахман қайнарына жету жолаушылар үшін нағыз азап еді. Елді мекендерге қарасты  негізгі трасса біткен соң, ой шұңқырға толы тастақ жол басталатын. Туристердің көбі көлігін төменде қалдырып, 40-80 мың теңгеге жол талғамайтын транспорт жалдауға мәжбүр болды. Енді бәрі басқаша. қарағандылық Оралтай Қалиев бұл жаққа осымен екінші рет келіп тұр. Өзгерісті бірден байқапты.

Оралтай Қалиев, турист:

-Бұрын жол тар болатын кішкене ыңғайсыз, екінші машина қарсы беттегі машина келгенде ыңғайсыз боп, бір-бірімізді өткізетінбіз, қазір жақсы келе жатырмыз.

«Бұрын соңды бұл маңда асфальт жабынды жол болмаған. Жер бедері қиын. Кейбір ауыр техниканы сымарқанмен ұстап тұруға тура келеді», - дейді жұмысшылар. Болатбек Ібішевтің жол-құрылыс саласында жүргеніне 17 жыл болыпты. Шебер бұндай биіктікте жұмыс істеу жоғары біліктілікті талап етеді дейді.

Болатбек Ібішев, учаске бригадирі:

-Бұрылыстар өте аз бұл арада техника бұрылатын жерлер. Сондықтан қиыншылық көп. Жүргізушілер, трактористер өте тәжірибелі адамдар солардың арқасында ақырындап жалғастырып келе жатырмыз.

Құрылысшылар әр техниканың қозғалысын алдын ала анықтап алады. Әйтпесе учаскенің ең жеңіл тұсының өзі қауіпке толы.

Біз дәл қазір ең жеңіл жол учаскесінде тұрмыз.Бірақ бұл жердің өзінде ауыр техникамен жұмыс істеу оңай емес. Біресе еңіске түсіп, біресе өрге шығу керек. Бірақ жолшылар тәуекелге бел буып күн-түн демей еңбек етуде. Өйткені тәуекел етуге тұрарлық. Мына мұнартып тұрған Мұзтауға, қайнап тұрған Рахман қайнарына жету енді барынша жеңілдейді.

Бұл жолға екіқабатты асфальт төселеді. Оның сапасын Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары қадағалауда. Ал құз бойы сымарқанмен қоршалатын болады.

Алмас Қасенов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:

-Қыркүйекке дейін асфальт жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап, одан кейін абаттандыру жұмыстары. Айтып кеткендей жол белгілері 200 дана жол белгісі қарастырылған және 10 шақырым тросс қоршау қарастырылған.

Күрделі жобаны күзде аяқтау жоспарланған. Осылайша осы күнге дейін жету қиынға соққан Рахман Қайнарына апаратын жол енді тегіс әрі қауіпсіз болмақ.

Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов