Абай облысында 77 мың бала жазғы демалысын пайдалы өткізбек

  • 6
  • 14.07.2026, 19:34

Әлеуметтік осал санаттағы 5 мыңға жуық оқушыға тегін жолдама беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 372 миллион теңге бөлінген. Ең бастысы биылдан бастап лагерьлерге қойылатын талап күшейіп, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. 

Үржар ауданындағы Тарбағатай оқу-сауықтыру орталығы жұмысын 1 маусымда бастады. Жаз бойы мұнда 560 бала тынығады. Әр ауысымда 80 оқушы демалады. Балалар күніне алты мезгіл тамақтанып, шығармашылық, спорттық және танымдық үйірмелерге қатысады.

Ербол Қоштаев, Тарбағатай оқу-сауықтыру орталығының директоры:

-Балалар келген кезде әр баланың мінезі әртүрлі болады. Қызығушылықтары әртүрлі болады. Сол әр баланың қызығушылығын ашу үшін бізде психолог және әртүрлі сауалнамалар, құм терапиясы бар соның ішінде бәрі қамтылған. Сол арқылы балаларды анықтап, сол бойынша топтарға бөлінеді. Сол бойынша жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз.

Ал Мақаншы ауданындағы «Дарабоз» балалар сауықтыру орталығы жазғы маусымда 720 баланы қабылдайды. Оның 428-і Мақаншы ауданынан, қалғаны Абай және Ақсуат аудандарынан келеді. Демалушылар арасында әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар бар. Олар үшін спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, экскурсиялар мен түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылған.

Балжан Тұрсынбекова, оқушы:

-Балалар өте тату, бәрі бірге жұмыс жасайды. Апайлар өте маған ұнады. Іс-шаралар өте көп, тығыз. Әрбір күн қызықты сәттерге толы болып жатыр.

Кәусар Жексенбай, оқушы:

-Мысалға мен өзім де осы жаққа келіп өзімді жақсы қырларымнан көріп жатырмын. Мен бұрын мысалға доппен көп ойнамайтынмын. Осында келіп өзімнің волейбол ойнай алатынымды біліп жатырмын.

Лагерьлерде іс-шаралар министрлік бекіткен бағдарлама бойынша жүзеге асырылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі тәулік бойғы күзет, медицина қызметкерлері мен тәлімгерлердің кезекшілігі арқылы қамтамасыз етілген.

Нұржан Сабыров, тәлімгер:

-Бізде арнайы осы жерде құтқару қызметкерлері бар. Облыстан келген және аудан бойынша сол кісілермен бірлесіп отырып атқарамыз. Бізде арнайы суда жүзу нұсқаушысы, дене шынықтыру мұғалімдері бар. Суға түскен кезде барлығы балалармен бірге жүріп олардың қауіпсіздігін қарап отырады. Арнайы зона берілген лагерьдің балаларына шомылуға арналған. Артық ешқандай бір адам қатыспайды.

Жалпы өңірде биыл 10 сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек 329 демалыс орталығы мен мектеп жанындағы лагерьлерде 77 мың бала демалады. Мамандардың сөзінше балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру биылғы маусымның басты талабы.

Темірлан Шалқарұлы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Ең алдымен әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі. Сонымен қатар білім мен өнерде, ғылым мен спортта жетістікке жеткен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан дарынды оқушылар да назардан тыс қалмайды. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру тек бос уақыт өткізу емес, бұл өскелең ұрпақтың қауіпсіздігіне, тәрбиесіне және жан-жақты дамуына жасалған қамқорлық

Өңірдегі лагерьлерде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға және бос уақытын тиімді өткізуге басымдық берілген. Жазғы сауықтыру науқаны тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков