Алматыдағы жеңіл рельсті көлік желісі 2027 жылдың соңында іске қосылады. Бұл туралы қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы хабарлады. Жоба мегаполистің батысы мен шығысын байланыстырады. LRT депосы Алатау ауданындағы индустриялық аймақта салынады. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын бұл желіде 34 аялдама болады. Ал оның орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырымнан аспайды. Бағыт Момышұлы көшесінің бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы екінші теміржол вокзалына дейін барады. Қазір қалада ескі трамвай рельстері алынып, жаңа жолдың орны дайындалып жатыр.
Асан Бостанов, қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз LRT желісінің құрылысы барысында заманауи тәсілдерді қолданамыз. Олай дейтініміз, вагондар батарея арқылы жүреді. Ал батареялар станцияларда қуатталады. Осылайша, аспалы электр желілерін орнату қажеттілігі туындамайды. Біздің желінің Астанадағы LRT желісінен айырмашылығы биік эстакадалар салынбайды. Сондай-ақ бір жылжымалы құрамға 285 жолаушы сыяды.