15 қыркүйек кіріс пен мүлік декларациясын тапсыру мерзімі аяқталады

  • 4
  • 15.07.2026, 19:49

Екі айдан кейін кіріс пен мүлік туралы декларацияны тапсыру мерзімі аяқталады. Яғни 15 қыркүйек салық органдарына 270- формадағы құжатты өткізудің соңғы күні. Оны негізінен мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, жекелеген санаттағы кәсіпкерлер, сондай-ақ шетелде активтері, банктік шоттары бар азаматтар тапсырады. Құжатта шетелдегі банктік шоттар, жылжымайтын мүлік, цифрлық активтер және шетелден алынған табыс көрсетілуі тиіс.

Ал оны салық төлеушінің кабинеті, электрондық үкімет порталы немесе банктер мен мобильді қосымшалар арқылы онлайн жолдауға болады. Декларацияны уақытында тапсырмағандарға алғаш рет ескерту жасалады. Бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Көпшілік үшін бұл 2025 жылы төленген жеке табыс салығының бір бөлігін қайтарудың соңғы мүмкіндігі болмақ. Салықтық шегерімдерге бірқатар шегерім мен шығыс жатады. Мысалы, білім беру бойынша шегерім тек мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім алуға жұмсалған шығындарға ғана қолданылды. Ал ипотека бойынша тек тұрғын үй қарызының сыйақысын төлеуге жұмсалған шығындар ғана есепке алынады.

Ұлдана Сүлеймен, ҚР ҚМ МКК Жұртшылықпен байланыс хатшылық басқармасының сарапшысы:

- Бұл ретте білім алуға, медициналық қызметтерге, ипотекаға және өзге де шығыстарға қатысты салықтық шегерімдер растайтын құжаттар болған жағдайда ғана қолданылады. Егер мұндай шегерімдер жұмыс беруші арқылы қолданылған болса, азамат салық салынуға жататын табыс алынған кезде 2025 жылға арналған 270-нысан бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны өз бетінше тапсыру арқылы оларды пайдалана алады. Осылайша, растайтын құжаттары бар азамат заңнамада белгіленген тәртіппен бұрын төленген жеке табыс салығының бір бөлігін қайтарып ала алады.