Алдағы жексенбіде металлург күні атап өтіледі. Металлургия – Қазақстан экономикасы үшін маңызды саланың бір. Әрі еліміз әлемдегі ірі металл өндіруші мемлекеттердің қатарында.
Астанадағы аффинаж зауыты – еліміздегі бағалы металдарды өңдейтін ең ірі кәсіпорын. Қазақстанның алтын-валюта қорын толықтыратын алтын құймалар дәл осы жерде әзірленеді. Кәсіпорын халықаралық стандартқа сай жұмыс жасайды.
Зекаил Түлюбаев, кәсіпорынның техникалық директоры:
- Біздің зауытта «төрт тоғыз» яғни 99,99 пайыз көрсеткішіне сай алтын шығарылады. Бұл – ең жоғары тазалық деңгей. Қазіргі таңда бізге шикізат жеткізетін 40-тан астам серіктес бар. Біз Доре қорытпасын, катодты алтынды, шлихті алтынды және зергерлік қалдықтарды қайта өңдейміз.
Өндіріс процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Шикізат алдымен химиялық өңдеуден өтеді. Кейін электролиз арқылы тазаланады. Бағалы металл одан соң балқыту цехына жіберіледі.
Сымбат Мұратбеков, балқытушы:
- Жан-жақтан келеді. Соларды балқытып, приместерден тазартамыз. Арнайы қалыптарға құйып аламыз. Содан кейін оны техникалық қадағалау бөліміне тапсырамыз. Негізі металлургия саласында жұмыс істеп жүргеніме 16 жыл болды. Ал осы зауытта үш жылдан бері еңбек етіп келемін.
Қожан Мұратбеков, цех бастығы:
- Мұнда біз анодты алтынды балқытамыз. Биыл жаңа жабдықтар мен жаңа электролиз ванналары орнатылды. Соның арқасында зауыттың өндірістік қуаты екі есеге артты.
Нақтырақ айтқанда, қазір кәсіпорын жылына 50 тоннаға дейін алтын өңдей алады. Астанада жасалған әрбір алтын құймасы Лондонның бағалы металдар нарығы қауымдастығының талаптарына сай жасалады. Кейін дәл осы өнім Қазақстанның алтын-валюта қорын толықтыруға пайдаланылады. Бұл отандық кәсіпорынның еліміздің алтын өндіру саласындағы маңызды жетістігі.
Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов