Ақмола облысында өрттің алдын алу шаралары күшейтілді

  • 7
  • 16.07.2026, 19:38

Ақмола облысында жыл басынан бері 32 рет орман өртенген. Өрт ошағын жедел анықтау жүйесі мен авиабақылаудың нәтижесінде қызыл жалын дер кезінде сөндірілді. Өңірдегі орман шаруашылықтарында 42 бейнебақылау камерасы бар. Қазір орман алқаптарын қорғау мақсатында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 

«Бұқпа» орман шаруашылығында өртті дер кезінде анықтайтын жүйе  жазғытұры орнатылды. Бір жерде от тұтанса, заманауи қондырғы бірден дабыл қағады. Мекеме мамандары бейнебақылау камералары және дрондардың көмегімен үш бірдей ауданның орман қорын тәулік бойы күзетіп   отыр. Соңғы 3 айда 18 өрт ошағы жедел сөндірілген. 

Сұңғат Тыштыбаев, орман шаруашылығы директорының орынбасары:

- «Бұқпа» орман шаруашылығында 22 мың гектар аумақты қамтитын төрт камера орнатылған. Бұл құрылғы 360 градусқа айнала отырып, қауіпті бірден анықтайды. Камераның көмегімен өрт ошағын бірден байқап, дер кезінде сөндіреміз. Яғни жалынның шыққан тұсын және көлемін жоғарыдан көріп тез арада сөндіруге мүмкіндік бар.

Мұндай кешен Бурабай және Ақкөл аудандарында да бар. Автоматты анықтау жүйесі орманшылардың жұмысын жеңілдеткен. Сонымен қатар мамандар тікұшақпен де барлауға шығады. Әуе көлігіндегі өртсөндірушілер   жалын шарпыған орынға жедел жетіп, тез арада сөндіруге кіріседі. 

Ринат Омаров, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Көкшетау авиациялық бөлімшесінің бастығы:

- Биыл Көкшетау бөлімшесіне тиесілі аумақта 6 орман өрті тіркелді. Оның біреуі тікұшақпен барлау кезінде таулы аймақта анықталып, дер кезінде сөндірдік. Бұл техника мен адам бара алмайтын күрделі жерде еді. Арнайы су төгу құрылғысы қолданылып, өрт сөндірілді. Әуеден сөндіру жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті.

Қазір өңірде өрт қауіпі жоғары. Мамандар: «Қауіптілік деңгейін төртінші санат», - деп бағалады. Соңғы екі тәулікте далалыққа найзағай түсіп, 10 рет өрт шықты. Жалпы жыл басынан облыста 32 рет орман өрті болған. 

Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:

- Бұл былтырмен салыстырғанда, 68 пайызға көп. Себебі биыл жауын-шашын аз. Әрі аптап ыстық болып тұр. Дегенмен заманауи технологиялардың көмегімен жалынның таралуына жол бермей келеміз.

Ақмола облысында биылғы маусымда тілсіз жаумен күресуге 72 техника және 400-ден астам құтқарушы сақадай сай дайын. Өрттен қауіп төнген жағдайда облыс орталығы мен аудандарда арнайы жедел топтар кезекшілікке шығып, орман мен далалық алқапты бақылауға алады. 

Мансұр Есқожин, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный