Шымкентте егін алқабының 70% жиналды

  • 8
  • 23.07.2026, 19:37

Биыл шаруалар 21 мың гектар жерден 81 мың тоннадан астам өнім алуды жоспарлап отыр. Алайда қазір өрт қауіпсіздік талаптарын сақтап, астықты шығынсыз жинаудың маңызы артты. Осыған байланысты алқаптарда арнайы рейдтер өткізіліп, қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп жатыр. 

Диқандар дала жұмыстарына уақытылы кірісті. Ауа райы да қолайлы болып, техниканы толық қуатында пайдалануға мүмкіндік берді. Сондықтан шаруалар ала жаздай еткен еңбегінің нәтижесін шашау шығармай жинап алуды көздейді. 

Қамысбек Ақылбекұлы, шаруа:

- Баланы қалай бақсаң, бидайды да солай бағамыз. Оның дәрісін беру керек. Оның арамшөптерін өлтіру керек. Арасында жәндіктер түседі. Оларды дәрілеу керек. Сол сияқты 8 ай күтіп, 8 айдан кейін орамыз. Орғаннан кейін жемісін көретін шығармыз деп отырмын. 

Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері де астық жинау барысын бақылауға алды. Биыл егістіктің 6,5 мың гектарын дәнді дақылдар қамтыды. Бүгінде оның 70% алқаптан толық жиналды. Бұдан бөлек, 3 мың гектарға майлы, ал 9,8 мың гектар жерге мал азықтық дақылдары егілген. Қалғаны көкөніс пен бау-бақша өнімдеріне тиесілі. 

Сағдат Маханов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл егістіктерге жыл сайын мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде тыңайтқышы бар, одан кейін егілген өнімді жинауға және егуге арналған мемлекеттен берілетін жанар-жағармай жеңілдетілген бағамен. Ол қазіргі уақытта 281 теңгеден босатылып жатыр. 

Шілденің аптап ыстығында егістіктегі кішкентай ұшқынның өзі үлкен өртке ұласуы мүмкін. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары рейдтік іс-шараларды күшейтті. Құтқарушылар алқап басындағы техникалардың өртке қарсы дайындығын тексеріп, сақтық шараларын пысықтады. 

Рауан Ордабек, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

- Трактормен жүргенде немесе комбайн жүргізген кезде міндетті түрде қастарыңызда су болсын. Сонымен қатар соқалар да болсын. Себебі өрт орын алған жағдайда бірден минералды жолақ жүргізіп, өрттің алдын алу қажет екенін түсіндіріп жатырмыз. Темекі тұқылын немесе шыныны жерге тастамаңыздар. Темекі тұқылын толық сөнгеніне көз жеткізгеннен кейін ғана қоқысқа тастау керек. Себебі бұл – егістік алқап. Қаншама еңбек жатыр. Барлығы бір сәтте жойылып кетуі мүмкін.

Биыл дәнді дақылдардың орташа түсімі гектарына 15-20 центнерден айналып жатыр. Жалпы өңір бойынша астық жинау науқаны тамыз айының соңына дейін созылады. Осы аралықта инспекторлар мен жауапты мамандар күшейтілген режимде жұмыс істемек. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов