Елордада «Бір ауыл – бір өнім» байқауының алғашқы кезеңі басталды

  • 7
  • 23.07.2026, 19:40

«Бір ауыл – бір өнім». Елордада аталмыш байқаудың алғашқы кезеңі басталды. Биыл оған қатысуға азық-түлік, авторлық киім, косметика және өзге де өнім өндіретін 38 кәсіпкер өтінім берген. Үміткерлерге қойылған басты талап – жергілікті шикізатты пайдалану және өнімнің экологиялық таза болуы. Қазылар алқасы 20 жартылай финалисті анықтады.

Көрмеде ұсынылған барлық өнім Қазақстанда жасалған. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Бірі ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттағысы келсе, енді бірі ұлттық тағамдар өндірісін дамытуға ынталы. Мәселен, құрттың жеті түрлі дәмде және түрлі түсте дайындалған үлгілері таныстырылды. Ал «Ас сорпасы» атты өнім көпшіліктің назарын аударды.

Жоба авторының айтуынша, бұл – кәдімгі сорпа емес, коллагенге бай, ұзақ сақталатын әрі қолдануға ыңғайлы етіп әзірленген жаңа өнім.

Анжелла Сұлтанқұлова, кәсіпкер:

- Бұл қарапайым сорпа емес. Сүйек сорпасы 36 сағат бойы қайнатылады. Ол теріге де, ас қорыту жүйесіне де өте пайдалы. Бұл өнімді анам ауырған кезде жасауды бастадық. Анамда операция болды. Сол кезде коллагенге бай сорпаға көштік. Алғаш рет жәрмеңкеге қатысып, өнімімізді таныстырып жатырмыз.

Мұнда кездейсоқ тауар жоқ. Әрбір өнімнің өзіндік тарихы бар. Байқауда тауардың дәмі мен сыртқы келбеті ғана емес, оның даму әлеуеті де бағаланды. 38 қатысушының ішінен 20 кәсіпкер жартылай финалға өтті. Кейін олардың арасынан 10 үздік анықталады. Әрқайсысына 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беріледі.

Азамат Жүсіпбек, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің басшысы:

- 5 миллион теңге тек құрал-жабдық сатып алуға немесе шикізат алуға жұмсалады. Біз бұл грантпен ғана шектелмейміз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жеңімпаздармен әрі қарай да жұмыс істейді. Оларға өнімді қаптау, брендтеу және нарыққа шығару бағытында қолдау көрсетіледі.

Бағдарлама 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын өтінім саны артып, ұсынылған өнімдердің сапасы да жақсарып келеді. Бүгінге дейін «Бір ауыл – бір өнім» байқауына 140-тан астам кәсіпкер қатысқан.

Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин