«Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады». Премьер-министр Мемлекет басшысының атынан Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майорының әлем алдында ел мәртебесін арттырып, халықаралық ынтымақты нығайтып, ұлттық аэроғарыш әрі қорғаныс өнеркәсібінің өрлеуіне қосқан үлесі сүбелі. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде де отандық заңнаманы жетілдірудегі еселі еңбегі атап өтілді. Сондай-ақ Үкімет басшысы ғарыштық бағыттағы қазіргі бетбұрысқа тоқталды.
Ұлттық спутниктік байланыс және Жерді қашықтан зондтау жүйелері жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы, экология және басқа салалардағы деректерді өңдеу жүйесі жетілдіріліп жатыр. Байқоңыр ғарыш айлағынан «Сұңқар» зымыран-тасығышының сынақтық ұшырылуы сәтті өткен. Бұл да отандық ғарыш саласы дамуындағы жаңа кезең.