Елімізде Құрылтай сайлауына әзірлік қызу жүріп жатыр. Қостанай облысында 716 сайлау учаскесі құрылды. Барлығында мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған. Ғимараттар арнайы көтергіштер, нашар көретіндер мен есту қабілетінен айрылғандарға арналған құрылғылармен жабдықталған. Учаскелік комиссияларға сайлаушылар тізімі 2-ші тамызда беріледі. Ал жетінші тамыздан бастап азаматтар өздері туралы мәліметті телефон немесе интернет арқылы тексере алады.
Жәмилә Именалинова, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
- 7 тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында сайлаушылар тізімінен өзін тексеруге арналған сервис іске қосылады. Сайлаушы өзінің ЖСН-ін енгізу арқылы өзінің сайлау учаскесінің нөмірі мен орналасқан жері туралы ақпарат ала алады. Егер сайлаушы дауыс беру күні тіркелген жеріндегі сайлау учаскесіне келе алмайтынын алдын ала білсе, онда ол дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады. Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына жеке басын куәландыратын құжатпен жүгінуі қажет. Есептен шығару куәлігі бар сайлаушы Қазақстан Республикасының кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады.