Алматыда К. Байсейітова атындағы музыка мектебі жаңартылады

  • 4
  • 27.07.2026, 19:50

Алматыда Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектебі жаңарады. Дарынды балаларға арнап заманауи мектеп салынады. Онда кең концерт залдары, жас өнерпаздардың дайындалатын кабинеттері, интернат және оқушылардың шығармашылық дамуына қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Бұл мектептен қазақ өнерінің талай майталманы түлеп ұшты. Білім ошағында еліміздің әр өңірінен келген дарынды балалар білім алады. Алайда ондаған жылдар бұрын салынған ғимарат қазіргі қажеттіліктерді өтей алмай отыр. Дайындық бөлмелері жетіспейді және  концерт залдарының да мүмкіндігі шектеулі.

Әли Оқапов, әнші:

- Біз кәсіби музыкантпыз және кәсіби деңгейде өзіңнің өнеріңді дамыту мақсатында саған орын, тыныштық, техникалық жабдықтау, уақыт және де маман керек. Оның барлығын қамтамасыз ету үшін осындай модернизациясыз мүмкін емес деп ойлаймын. Болашақ осы мектебіміздің түлектеріне керемет жағдай жасалуына мен өте қуаныштымын. 

Ал жаңа жоба оқу үдерісіне басымдық береді. Музыка бөліміне жеке концерт залы салынып, акустикасы мамандық ерекшелігіне қарай жасалады. Дайындық бөлмелерінің саны екі есеге көбейеді. Сондай-ақ дыбыс жазу студиясы мен цифрлық музыка кабинеттері ашылады.

Ерболат Ахмедияров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл жақта интернатта жататын балалардан бөлек, үйлерінен келетін балалар болады. Екі асханасы бар: не интернаттағы асханаға балалар сыймайды, не келетін балалар сыймайды. Мұғалім сабақ береді, мамандық деген сабақ болады. Әрбір баланың өзінің мамандығының аспабы болады, сол аспабымен сабағына дайындалады. Одан кейін өзі дайындалуы керек қой. Өзіндік дайындалу кезінде класс біздің кезімізде болмайтын.

Жаңашылдық мұнымен шектелмейді. Интернат кеңейтіліп, бала санының сыйымдылығы артады. Спортзал мен асханалар заманауи талапқа сай соғылады. Осылайша, мектепте тек сапалы білім емес, шығармашылықпен жан-жақты айналысуға мүмкіндік артады.

Бекзат Үшкемпір, Сержан Жұмабаев