Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Көкшетаудағы кәсіпорындардың бірінде еңбек ұжымымен кездесті. Шараға 20-ға жуық жұмысшы қатысты. Басқосу барысында еңбек құқықтарын қорғау, жалақы деңгейін арттыру, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін жақсарту мәселелері талқыланды.
Осы тектес кездесу Қарағанды қаласында педагогтармен өтті. Диалог барысында білім беру саласындағы өзекті мәселелер, әлеуметтік қорғау, еңбек құқықтары және халықтың түрлі санаттарын қолдау тақырыптары сөз болды. Сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығы, екі және үш ауысымды оқыту, педагогтердің қосымша жүктемесі мәселелері көтерілді. Бұдан бөлек, әйелдердің құқықтарын қорғау, интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету, ұстаз мәртебесі мен дарынды оқушыларды қолдау мәселелері де талқыланды.
Мақсұт Насибулов, ЖСДП орталық аппарат жетекшісі:
- Біздің қаншама оқушыларымыз әлемнің әртүрлі сайыстарына, олимпиадаларына қатысып, үлкен жүлделі орын алып жатыр. Оған көмектесуіміз үшін біз бірінші мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын ойлауымыз керек. Үй мәселесі, жалақы мәселесін көтеру үшін басқа да әлеуметтік жағдайларын ойластыру керек.