Сайлауалды кезеңде дипфейктер жиілеуі мүмкін

  • 6
  • 30.07.2026, 19:38

Сайлауалды кезеңде жалған ақпарат жиілеуі мүмкін. Қазірдің өзінде ғаламторда партия өкілдерінің бейнелері заңсыз пайдаланылған жазбалар тарап кетті.

Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026» сарапшылық алаңында айтылды. Мамандар дипфейкке қатысты жауапкершіліктің барын және бұл науқанда тек ресми ақпаратқа жүгіну қажеттігін еске салды.

Найла Мұхтарова, саясаттанушы:

- Азаматтың келісімінсіз бет-бейнесін қолдану – заңға қарама-қайшы дүние. Бүгінгі күні қоғамда одан басқа да көптеген фейк ақпарат тарап жатыр. Бұл – жалпы жаһандық тенденция, тек Қазақстанда ғана болып жатқан жоқ. Ол бүгінде азаматтың ақпараттық дереккөздерінің көбінде кездеседі. Мәселе ақпараттың аздығында да, көлемінде де емес, азаматтың ақпаратқа деген сенімінде.

ЖИ контент таңбалануы тиіс

Енді жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өңделген контентті таңбалау қажет. Жиынға қатысушылар цифрлық дәуірдегі осы бір бағыттың маңызына да тоқталды. Арнайы белгі болмаса, сол жазбаның авторына айыппұл салынады.

Жандос Шаймарданов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры: 

- Шілде айынан бастап Цифрлық кодекс күшіне енді. Енді жасанды интеллект пайдаланылған әрбір контент пен әрбір өнім таңбалануы керек. Мысалы, егер ролик жасалған болса, онда сол роликте «Жасанды интеллект құралдарымен жасалған» деген арнайы жазба болуы керек.