Жамбыл облысында 7 жаңа сайлау учаскесі құрылды

  • 7
  • 30.07.2026, 19:38

Жамбыл облысында 7 жаңа сайлау учаскесі құрылып, 64 учаскенің шекарасы өзгертілді. Бұл сайлаушыларға қолайлы жағдай жасап, дауыс беру процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында қолға алынған шара. Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына облыста 730 мыңнан астам тұрғын қатысады деп күтілуде. Олар 520 сайлау учаскесінде дауыс береді.

Қазір учаскелерде бір үлгідегі дауыс беру кабиналары орнатылып, бейнебақылау жүйелері мен интернет желісі дайындалып жатыр. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар қарастырылған. Жалпы сайлау науқанына өңірде 532 сайлау комиссиясы жұмылдырылған.

Серғали Айдапкелов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау комиссиялары мүшелерінің 92,3 пайызының сайлау өткізу бойынша 3 жылдан 5 жылға дейінгі тәжірибесі қалыптасқан. Қазіргі кезде сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында алдағы тамыз айының бірінші онкүндігінде оқыту семинары өтеді. Семинар барысында азаматтарға қызмет көрсету мәдениеті мен сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша оқыту жүргізілетін болады.