Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қарағандыға қарасты Пришахтинск елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Жиында қоғамда өткір тұрған кибералаяқтық мәселесі көтерілді. Сақтық шаралары туралы да айтылды. Соңғы уақытта алаяқтарға алданғандар тым көбейіп кеткен.
Ал Астанада кандидаттар №4 қалалық емхананың ұжымымен кездесу өткізді. Медицина қызметкерлерімен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасты. Саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Елде ұлт саулығын жақсарту жолында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Партия өкілдері Абай облысының Бесқарағай ауданында жастармен ашық диалог өткізді. Кездесуде білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және жастардың бастамаларын қолдау жайы сөз болды. Жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жан-жақты қолдау көрсету мәселелері де көтерілді.
Рүстем Сарманов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы:
- Жастардың мәселесін назар аудармасақ, еліміздің болашағын қалыптастыру мүмкін емес. Өйткені жастар – мемлекетіміздің ертеңі. Оларды ең алдымен, білім алу, гранттардың қолжетімділігі және оқу аяқталғаннан кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігі алаңдатады.