Шымкентте тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 15 адам айыппұл арқалады. Қазір қалада судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Себебі сақтыққа салғырт қарайтындар көп. Таяуда ата-ана қарауынсыз қалған 2 бала суға кетті. Осыдан кейін, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жағажайларды аралап, суда шомылу ережелерін түсіндіріп жүр.
Жазатайым жағдай бір ай бұрын болды. Шомылып жүрген 9 және 10 жастағы екі бала суға кетті. Құтқарушылар: «Ата-ана баласын қараусыз қалдырмауды керек», - дейді. Және рұқсат етілген жағажайда ғана шомылу қажеттігін ескертеді.
Асқар Шәріп, қалалық ТЖД ресми өкілі:
- Жаздың ыстық мезгілі қыркүйек айының соңына дейін созылады. Сондықтан да біз де әлі шомылу маусымы шарықтау шегінде тұр. Баланың қауіпсіздігі тікелей ата-ананың міндеті. Сондықтан да демалыс кезінде ата-ана баланы қараусыз қалдырмау керек және ересек азаматтар суға шомылу кезінде алкогольдік ішімдік ішпеу керек. Тек рұқсат етілген орындарда ғана шомылу керек.
Қала аумағында 2 өзен мен 34 канал бар. Жүргізілген талдау жұмыстарынан кейін, олардың үшеуіне ғана шомылуға рұқсат етілді. Жаздың аптап ыстығында сая іздеген көпшілік өзен-көлге қарай ағылады. Әсіресе бұлақ көзінен бастау алатын Қошқар ата мен Тоғыс, Бадам өзендерінің бойында адам аяғы көп.
Қазыбек Әбішев, қала тұрғыны:
- Суға түсіп серігіп қаламыз. Осы жылы қатты ыстық болғанына байланысты осы жерден шықпай жатырмыз. Әр демалысты осы жақта өткізіп жатырмыз. Адам көп болады. Әсіресе демалыс күндері. Қауіпсіздік бәрі бар. Су өте жылы. Суымыз таза. Бізге шомылғанға ыңғайлы.
Құтқарушылардың мәліметінше, демалушылар қауіпсіздік ережелерін ескермейді. Сондықтан жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, рейдтік іс-шаралар жиі өтіп жатыр. Сүңгуірлер де су түбіне барлау жасап, шомылу аумағын тағы да белгілеп берді.
Судағы салғырттық қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан мамандар қанша шебер жүзсең де сақтық шараларына мән беріп, қауіпсіздік ережелерін ұстануға үндейді. Осыған орай су техникаларының жай-күйі тексерілді.
Сала мамандары судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға байланысты мереке мен демалыс күндері күшейтілген режимде жұмыс атқару туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Оған полиция қызметкерлері, ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілер жұмылдырылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов