Қарулы күштер қатарында ұшқышсыз авиация мамандарының саны артып келеді

  • 4
  • 31.07.2026, 19:39

Еліміздің Қарулы күштері қатарында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді меңгерген мамандар көбейіп келеді. Бүгін Алматы облысында дрондарды басқару курсынан өткен әскерилер сынақ тапсырды. Олар 40 күн көлемінде ұшқышсыз аппараттарды басқарудан бастап, оларды құрастыру мен іске қосуды меңгерді.

Оқу курсына еліміздің әр өңірінен келген 33 әскери қызметші қатысты. Алғашқыда мамандар теориялық сабақтан өтті. Одан кейін арнайы симуляторда жаттықты. Бір айдың ішінде олар 5 және 10 дюймдік FPV дрондарын басқаруды үйренді. Бұл аппараттар бағытын жылдам өзгерте алу қабілетімен ерекшеленеді. Сол себепті оператордан ерекше дайындықты талап етеді.

Елдос Масғұтов, ҚР ҚМ Бітімгершілік операциялар орталығы топпен дайындау қызметінің нұсқаушы-сержанты:

- Бұл FPV дрондары өте арнайы дайындықты талап етеді. Өйткені бұл дайын талаптар, жаңағы DJI дейміз ғой, дрондар, солардан қарағанда өте күрделі болып келеді. Бұларды жаңа жауынгерлік дайындық мақсатында және жаңа қару-жарақ, оқ-дәрілерді жеткізу мақсатында қолдануға болады.

Бағдарлама аясында әскерилер дронды бірнеше мақсатта қолдануды үйренді. Соның ішінде ұшу аппараты көмегімен жүк жеткізу де бар. Мамандардың айтуынша, бұл мақсаттағы кейбір дрондар 40 келіге дейінгі жүкті тасымалдай алады.

Данияр Ділдабаев, Ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелерінің мамандарын даярлау әскери мектебінің басшысы, подполковник:

- Осы оқу кезеңінде мамандар FPV дрондарын қолдануды үйренді және ұшқышсыз ұшу аппараты «Скайларк» және материалдық-техникалық заттарды тасымалдау дроны «Агр-155» аппаратын ұшуды үйренді.

Бұл жерде білім алған әскери қызметшілер кейін өз бөлімдеріне оралады. Онда олар жаңадан құрылып жатқан ұшқышсыз авиациялық жүйелер роталарында қызмет етеді. Мұнда алған білімін өзге сарбаздарға үйретіп, жаңа мамандарды даярлауға атсалысады.

Ернұр Рысбай, Эдуард Кон