Жамбыл облысында қайтарылған активтер ел игілігіне жұмсалып жатыр

  • 5
  • 31.07.2026, 19:38

Жамбыл облысында қайтарылған активтер есебінен 28 әлеуметтік нысан салу жоспарланса, оның он сегізі ел игілігіне тапсырылды. Қалғаны салынып жатыр. Әлеуметтік жобалардың қатарында ауылдарға ауызсу желісін тарту және медициналық мекеме салу сынды маңызды құрылыстар бар.

Қордай және Талас аудандарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынса, Меркі аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. Ал Қордай ауданындағы Қарасай батыр ауылында ауызсу жүйесінің құрылысы жақында аяқталады. Жобаға арнаулы мемлекеттік қордан 2,4 млрд теңге бөлінді. Қазір 30 шақырым магистральдық су құбыры және 22 шақырым ауылішілік желі тартылған.

Әнуар Әбсейітов, Қордай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

-500 кубтан екі резервуар салынды. Резервуардың қазіргі таңда ішіндегі гидроизоляция жұмыстары жүргізіліп, қайта көму жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар нысанда қазір фильтрационный системасы толық 100 пайыз дайын. Жалпы құрылыс монтаждау жұмыстары 80 пайызға бітіп тұр.

Қайтқан қаржының игілігін Үлкен Сұлутөр аулының халқы да көріп отыр. Елді мекендегі ескі амбулатория 1960 жылы салынған. Нысан санитариялық, техникалық және сейсмикалық талаптарға сай келмейтін. Былтыр жаңа нысанның құрылысына 62,8 млн теңге бөлінді.  Нәтижесінде үш ауылдың 2 мың 800-ден астам тұрғыны медициналық көмекті жергілікті жерде алатын болды.

Жандос Әбдібаев, облыс прокуроры:

-85 мыңнан астам тұрғын оның ішінде шалғай аудандарда 5 мыңға жуық адам сапалы медициналық көмек алуда. Сонымен қатар облыста 15 ауызсу нысанының құрылысы аяқталып, Тараз қаласы мен 7 ауданның 20 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылып отыр.

Жалпы биыл арнаулы мемлекеттік қордан өңірдегі медицина және ауызсу инфрақұрылымын дамытуға 20 млрд теңге бөлінді. Соның есебінен келесі жылы тағы 8 ауызсу жобасы мен 2 медициналық нысан пайдалануға беріледі.

Мерей Бает, Елдар Байділдә