«Бейнеу-Сексеуіл» бағытындағы автомобиль жолының 125 шақырымы Маңғыстау облысы арқылы өтеді. Оның жалпы ұзындығы 800 шақырым. Құрылысы аяқталған соң, аймақтар арасында жолаушы тасымалы күрт артып, Ақтау мен Құрық портына баратын отандық және транзиттік жүк ағыны ұлғая түспек.
Қазіргі уақытта Маңғыстаудан еліміздің оңтүстік өңірлеріне қарай шығатын көлік қозғалысы Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Жаңа автожол бұл бағытты 900 шақырымға, сәйкесінше отандық және транзит жүктерді тасымалдау уақытын 5 тәуліктен 3 күнге дейін қысқартады деп күтіледі.
Мемлекет басшысы құрылысын бастауға рұқсат берген жаңа көлік жолы Қызылорда облысының Сексеуіл ауылынан Маңғыстауға дейінгі арақашықтықты 30 сағатқа дейін Ақтау және Құрық теңіз айлағына Қытайдан транзит жүктердің келу уақытын 1100 шақырымға қысқартады деп күтіледі.
Ардақ Бораш, Бейнеу ауылының тұрғыны:
-Бейнеу ауылы өзіңіз білесіз, ежелден де тоғыз жолдың торабы деп айтылады еді. Енді міне, нағыз іске асты. Бізден төрт бағытқа да жолымыз ашылып жатыр. Бұл тіке жол болғаннан кейін осы уақытқа дейін көп азаматтар қара жолмен қатынап жүрді.
Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:
-Халықаралық маңыздылығы түсінікті жағдай. Біздің транзиттік әлеуетімізді өсіреді. Қытайдан біз арқылы жүретін жүк тасымалы уақытын едәуір қысқартады. Қысқарған соң оның бағасы да арзандайды. Сол себепті біздегі транзитке қызығушылық сөзсіз көбейеді.
Жаңа трассаны салу жұмыстары 15 жол учаскесінде жалғасады. Соның үшеуі Маңғыстаудың Сам, Ноғайты және Тұрыш ауылының аумағымен өтеді. Отандық компания салатын жолға жергілікті жерде өндірілген құрылыс материалдары қолданылады.
Арман Жолдықұлов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:
-Осы ұлттық маңыздағы жобаға жергілікті, өзіміздің қазақстандық материалдар пайдаланылатын болады. Жол сервистік кешендерін дамыту аясында қарастырылады. Тек кемпингтер ғана емес, бұл жерде жанар-жағармай станциялары да қарастырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Арал-Каспий магистралі» деп атаған «Бейнеу-Сексеуіл» көлік жолы өлке туризмін дамытуға тың серпін береді. Жоспар бойынша 15 млрд теңге инвестиция салынып, трасса жиегінде 5 сервистік нысан бой көтереді. Бірі таяуда Сыңғарлау елді мекенінде қолданысқа берілді. Хостел, бассейн, қоғамдық тамақтану орны бар демалыс орнына маңғыстаулық кәсіпкер 150 млн теңге жұмсаған.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев