Тек шілде айында 40 ғимарат қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін тағы бірқатар станцияда жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып келеді.
Ақтөбенің бас қақпасы теміржол вокзалы толықтай жаңартылып, заман талабына сай жарақталған. Тамыз айының соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Екі қабатты негізгі залға үлкен лифт пен эскалатор орнатылды. Ғимараттың қасбетінен бөлек, барлық инженерлік желілері жаңартылды. Мұндай күрделі жөндеу жұмыстары еліміздегі 124 теміржол вокзалында жүзеге асырылып жатыр.
Мұрат Төрегелдин, «ҚТЖ»ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
-Жаңарту барысында толықтай әрбір вокзалда шатырлар, су, электр, байланыс жүйелері толықтай ауыстырылды. Сонымен қатар кедергісіз ортаны құру үшін арнайы пандустар, лифттер орнатылды. Вокзалдарда заманауи жиһаз, бейнебақылау камералары өрт қауіпсіздігіне арналған арнайы сигналдар қойылды.
Еліміздің 15 өңірінде вокзалдың тірек құрылымдары күшейтіліп, конкорстар тұрғызылды. Жолаушылар платформалары мен аялдама павильондары жаңартылды. Ал 37 елді мекенге жаңадан ғимарат салынды. Орал, Шетпе, Шалқар станцияларындағы ғимараттың ауданы ұлғайтылған.
Нұржан Келбуғанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
-Жалпы 124 вокзалдық 121-ін биыл бітіріп қалған 3 вокзалын, тарихи маңыздылығы барп вокзалдар, Алматы-2 вокзалы, Астана вокзалы және Түркістан вокзалы, олар биыл дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Келесі жылы ол вокзалдарды да бітіреміз. Сүйтіп 124 вокзал толығымен бітеді.
Жаңартылған нысандар еліміздің көлік логистикалық инфрақұрылымына серпін береді. Себебі бұл вокзалдар ішкі байланысты айтпағанда Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері арасындағы теміржол қатынасын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жобаға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 100 млрд теңге қаржы бөлген.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов