Қазақстан Орталық Азия бойынша баспана салу қарқыны жағынан көш бастап тұр. Құрылыс секторы ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналды. Былтыр жалпы ішкі өнімнің 6 пайызы осы салаға тиесілі болды. Биыл да қарқынды төмендетпеу міндеті тұр. 700 мыңға жуық отандасымыз құрылыста жұмыс істейді. Саланың ертеңгі бағыт-бағдары мен сапаны жақсарту мәселелері Алматыдағы «Құрылысшылар» форумында талқыланды.
Форумда құрылыс процесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығы талқыланды. Қазірдің өзінде елдегі құрылыс саласында жобалау кезеңінен бастап техникалық қадағалауға дейін жаңа технологиялар қолданылады. Соның ішінде 3D-модельдеу мен BIM-жүйелері бар. Бұл жаңашылдықтар адамның қатысуымен болатын қателіктерді азайтады. Сол арқылы нысандардың сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге болады.
Жұмағали Төтебаев, құрылыс инжинирингі, жобалық менеджмент, техникалық қадағалау және сапа бақылауы салаларындағы сарапшы:
- Құрылысқа не кіреді және жаңадан қандай технология кіріп жатыр, соның бәрін айтып, түсіндіретін боламыз. Қазір бұл технологияның заманы болғандықтан өзіміздің салаға да кіргізіп жатырмыз және басқаларға да ұсынып жатырмыз. Сызу барысы бар және жобалау қызметіміз бар. Осының барлығында интеллектіні қолдану арқылы қазір жұмыс жасап жатырмыз.
Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 процентке ұлғайды. Мұның ішінде өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда саласының үлесі басым. Бұл қарқын биыл да сақталып отыр. Алғашқы жарты жылда экономика 4,1 пайыз артса, құрылыс секторы 15 процентке өскен. Форумға келген халықаралық инвестициялық компания өкілдері Қазақстанның шетелден инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұрғанын атап өтті.
Эдгарс Подникс, инвестициялық компанияның негізін қалаушы (Латвия):
- Орталық Азияға келетін барлық инвестицияның 69 пайызы Қазақстанға тиесілі. Өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 16 пайызға өсті. Бұл тіпті Еуропа елдері үшін де рекордтық көрсеткіш. Біз сондықтан қазақстандық нарықтың тартымдылығын көріп, компаниямызды осында көшіруді жөн санадық. Салықтық жеңілдіктер мен арнайы экономикалық аймақтар инвесторлар үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Құрылысшылар күні қарсаңында ұйымдастырылған құрылтайға Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан келген 500-ден аса сарапшы қатысты. Жиында құрылыс сапасына қатысты талаптардың күшеюі де сөз болды.
Шілдеде күшіне енген жаңа кодекске сәйкес, үйдің сапа кепілі 10 жылға дейін ұлғайтылады. Оған баспананың шатыры, сыртқы жабыны, іргетасы жатады. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер ғимарат бағасына әсер етеді.
Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов