Елде сайлау комиссиялары жұмысқа кірісті. 10 мың 400-ден астам учаске ашылды. 23-тамыз күні таңғы сағат 7:00-ден бастап дауыс берушілерді қабылдайды. Қазір саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тиісті ақпараттар ілініп, сайлаушыларға барлық жағдай жасалуда. Әсіресе мүгедектігі бар және үйде дауыс беретін азаматтар басты назарда болады.
Елордадағы №114 жалпы білім беретін мектепте 18-ші және 482-ші сайлау учаскесі орналасқан. Соңғы аталған орында дайындық қызу. Төрайымы Жұлдыз Өмірзаққызы мұндай істерде әбден машықтанған. Ол 2000 жылдан бастап ел өмірінде болған талай сайлау мен референдумда тәжірибе жинаған. Бірнеше рет учаскенің мүшесі, хатшысы және жетекшісі болған.
Жұлдыз Өмірзаққызы, №482 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Ең алғашқы рет мемлекетімізде осындай тамаша үлкен, ауқымды жауапкершілігі мол іс басталайын деп тұр. «Бұған қолымыздан келгенше өз еңбегімізді аямай, осыған қол ұшымызды береміз», - деп сенімді түрде айта аламын. Біз 1 тамыздан бастап Құрылтай сайлауына дайындығымызды жасап жатырмыз.
Учаске іші тиісті талапқа сай жабдықталып, бюллетен салатын жәшік те қойылған. Ал бұл аумақ бойынша шамамен 3 мыңға жуық дауыс беруші тіркелген 5 бірдей бөлме әзір. Оның бірі мүгедектігі бар азаматтарға арнайы жабдықталған.
- Бізде ерекше мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы кабинамыз бар. Ол кабинаның іші жабдықталған. Құлағы нашар еститін азаматтарға құлаққап қойылады. Содан кейін көзі нашар көретін азаматтарға арналған лупалар қойылады. Осыны пайдалана отырып, азамат өзінің таңдауын мұнда тұрған қаламмен жасайды. Бұл жер жабылады. Құпиялық сақталған.
Ел бойынша 10 400-ден астам учаске ашылды. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері өңірлерді аралап, олардың дайындығын алдын ала тексереді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- 4-17 тамыз аралығында мен және Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен және аппарат қызметкерлерімен бірге еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапарға шығамыз. Осы сапарлар барысында сайлау учаскелерінің дайындығы, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сайлаушыларды ақпараттандыру жұмысының ұйымдастырылуы, Call-орталықтардың қызметі бағаланатын болады.
Өңірлердегі сайлау комиссияларының мүшелерін оқытуға ерекше көңіл бөлінбек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Оспанов