Өңірде 1 млн 200 мыңнан астам сайлаушы бар. Яғни облыс халқының жартысынан көбі дауыс беру құқығына ие.
Құрылтай сайлауына дайындық тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Ғимараттарға кіріп-шығу үшін пандус орнатылып, дауыс беру кабиналары қосымша жарық шамдармен жабдықталуда. Комиссия мүшелері бүгінге дейін толық арнайы оқудан өткен.
Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, Түркістан қаласы мен Сауран ауданында жаңадан 4 учаске ашылып, 6 учаскенің шекарасы кеңейтілген. Дауыс берушілердің тізімі 2 тамыз күні учаскелерге таратылып, бүгіннен бастап тұрғындар өз деректерін тексере алады.
Қайрат Бердіқұлов, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Түркістан қаласы бойынша ерекше қажеттілігі бар сайлаушылардың саны 1467 адамды құрайды. Оның ішінде 383 арба қолданушылары, 323 көру, 761 есту қабілеті нашар азаматтар. Қаладағы барлық 68 сайлау учаскесі арнайы нысандар мен қызметтердің қолжетімділік картасына енгізілген. Сайлау күні осы аталған азаматтарға 11 инватакси және 4 әлеуметтік такси, 6 сурдоаудармашы қызмет көрсететін болады.