70 жылдан кейінгі тарихи оралу. Қазақстанның жабайы табиғатына алғаш рет амур жолбарысы жіберілді. Енді «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Үміт есімді аналық жолбарыс мекендейді. Бұл – елде жойылып кеткен жыртқышты қайта жерсіндіру бағдарламасының алғашқы кезеңі.
Жолбарыстар үшін Іле өзенінің аңғары мен Оңтүстік Балқаш өңірі бекер таңдалмаған. Бір кездері бұл аумақ Тұран жолбарысының негізгі мекен еткен аймағы болған. Алайда тоғайлы ормандардың тозуы, қорек қорының азаюы және заңсыз аңшылық салдарынан бұл жыртқыш өңірден біржола жойылды. Енді ғалымдар осы олқылықты амур жолбарысы арқылы қайта қалпына келтіруді көздеп отыр.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Бұл жердің жер бедері, климаты және табиғи жағдайы Ресейдегі жолбарыстар мекендейтін аймақтардан өзгеше. Дегенмен дәл осы аумақ – тарихи тұрғыдан жолбарыс мекендеген өңір. Сондықтан бұл Қазақстан үшін тарихи күн. Бұл – Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстарының басталған алғашқы сәті деп айтсақ болады.
Жолбарыстарды жерсіндіру жобасы 35 жылға жоспарланған. Биыл мамыр айында Қазақстанға Ресейден төрт амур жолбарысы әкелінген болатын. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи қорық аумағы кеңейтіліп, жолбарыстарға азық болатын жануарлардың саны көбейтілді.
«Алтын емел» қорығынан 219 бас бұғы, 100-ден астам құлан әкелінді. Сонымен қатар бейімдеу вольерлері салынып, тұяқтылардың жағдайын үздіксіз қадағалайтын ғылыми мониторинг жүйесі іске қосылды.